Көлсай көлдерінде былтыр 400 мыңға жуық турист демалған

Демалушылардың 30 пайызға жуығы - әлемнің 46 мемлекетінен келген шетел саяхатшылары

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Көлсай көлдері" ұлттық паркінде былтыр 400 мыңға жуық турист демалған. Ал оның 30 пайызға жуығы - әлемнің 46 мемлекетінен келген шетел саяхатшылары. Бұл туралы Жетісудің жауһарында журналистерді жинаған демалыс орнының басшысы айтты. Одан бөлек, туристік мекеннің жетістігі мен алдағы жоспарларын баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

"Көлсай көлдері" ұлттық паркі 2007 жылы құрылған. Қазір оның аумағы 160 мың гектар жерді алып жатыр. Тұмса табиғаты тамсандыратын туристік мекенді көлі мен шатқалы әсемдеп тұр.  Соны көрмекке ішкі туристерден өзге шетелден арнайы ат арытып келетін саяхатшылар да бар. Былтыр ұлттық паркке 395 мыңнан астам азамат келіпті. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру жолында тазалыққа да баса мән беріледі. 

"Жаздыңгүні кейде 6 мыңға жуық турист бір күнде келіп кетіп жатады. Ол туристерден қаншама қоқыс қалады, өздеріңіз білесіздер. Сол қоқыстарды алып шығу, тазалау жұмыстары біздің мемлекеттік инспекторлар мен осы жердегі жұмысшылардың мойнында, солар тазалық жұмыстарын жүргізеді. Әр 2 сағат сайын олар өз учаскесін қарайды, қоқыстарды шығарады", - деді "Көлсай көлдері" ұлттық паркінің директоры Елнұр Ахметов.

Былтыр бұл аумақтан 103 тонна қатты қалдық шығарылыпты. Жыл басынан бері ұлттық паркке 13 мың азамат келіп кетіпті. Олардың өзі 6 тоннаға жуық қоқыс қалдырған екен.

"2024 жылы іске қосылған "Жасыл даму" пилоттық жобасы жүріп жатыр. "Жасыл даму" бағдарламасы бойынша Жануарлар комитетінің бастамасымен Көлсай көліне фандоматтар орналастырылды. Фандоматтар дегеніміз - пластикалық заттарды салып, өңдейтін орындар. Сол жерден бонустар алынады. Соның барлығы табиғатты тазартып, өзі алып келген затын өзімен бірге қайта алып кету принципіне негізделген", - деді "Көлсай көлдері" ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов.

Біраз уақыт бұрын «тұнық көл аумағында бей-берекет құрылыс жүріп жатыр» деген сыни пікірлер айтылған еді. Сол кезде келушілер Жетісудің жауһарын коммерциялық нысандар басып қалды деп дабыл қақты. Нәтижесінде қазір ұлттық парктегі учаскелер 5 жылға ғана жалға беріледі.

"Қысқа мерзімге жалға алу шартына сәйкес, олар аумақта ешқандай құрылыс жүргізе алмайды. Ал туристік әлеуетті жақсарту мақсатында абаттандыруға болады", - деді «Kazakh Tourism» қоғамдық кеңесінің мүшесі Вагида Салимова.

Сондай-ақ ұлттық парк орман алқабын қалпына келтіру ісін қолға алған. Былтыр аумаққа 95 мыңнан астам шренк шыршасы отырғызылыпты. Одан бөлек, орман тәлімбағы құрылып, онда 110 мыңға жуық көшет егіледі.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең үздік туристік орынның бірі: Алматыға былтыр 1 млн 700 мың турист келді

Новости партнеров