Жеңіс-80: елордада өтетін әскери шеруге дайындық қалай

Дайындық үшін далада 288 шатыр тігілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Мерейтойға орай елордада 4 мыңға жуық әскери қызметші ауқымды парадқа қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

7 мамырда Астананың Тәуелсіздік алаңында өтетін әскери шеру еліміздің қорғаныс күштерінің қуаты мен айбынын айшықтайтын маңызды шара болмақ. Жеңіс күнінің салтанатты шеруінде Қазақстан Қарулы күштерінің заманға сай техникасымен бірге, әскерилердің шеберлігі де көрсетіледі.

 «Бірінші кезеңде әскерлерді дайындаймыз. Екінші кезең индустриялдық қалашығында жаяу әскерлер емес, техникамен бірлесе өткізеді. Ал үшінші кезең 3-5 мамыр аралығында еліміздің үлкен алаңында пысықталады», – деді ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев.

Алдымен Ұлы Отан соғысы сарбаздарын еске алу үшін сол уақыттың киімін киген әскери топтар жүріп өтеді. Салтанатты шараға Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері де атсалысады. Ал парадты 300 адамнан құралған әскери оркестр аяқтайды.

 «Ұлттық ұлан сарбаздары әрқашан дайын. Әр күнде әртүрлі ескерту болады. Сол ескертулерді дер уақытында жоюымыз керек», – деді взвод командирі Дархан Қалибаев.

Бұл шараға 200-ге жуық өыз-келіншек қатысады деп жоспарланып отыр. Олар күнделікті жаттығу мен темірдей тәртіптің арқасында сапқа тұрып, осы салтанатты шараны жоғары деңгейде өткізуге дайын.

 «Әскери шеруге дайындығымыз тәртіптен басталды. Әр аймақтан келгендіктен, басында қарым қатынас өте қиын болды. Бірақ командирлердің қолдауларымен ұйымшыл болдық. Әскери шеруге дайындығымыз өте жақсы өтуде», – деді 28738 әскери бөлімінің сарбазы Аида Бекбосынова.

Дайындық үшін далада 288 шатыр тігілген. Онда 12 тұрмыстық қызмет көрсету шатыры, 7 дала моншасы, 11 шаруашылық бекеті мен далалық аурухана орнатылған. Техника жөндейтін арнайы бекеттер де қарастырылған. Қатысушылар қазір Астанада, бәрі бірге жаттығып, шеруге тыңғылықты дайындалып жатыр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматыда ашық аспан астында көрме ашылды

Новости партнеров