Ол 1943 жылдың шілдесінде Батыс майданда ерлік көрсеткен
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – елдік пен ерлікті еске алатын тарихи сәт. Айтулы дата аясында Almaty TV бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерді ұлықтап, олардың өшпес ерлігін ұрпаққа өнеге ету ісін жалғастырып келеді.
Жаужүрек жандардың бірі – Ойыл өңірінің тумасы Шүкір Еркінов. Ол небәрі 18 жасында майданға аттанып, 1943 жылдың шілдесінде Батыс майданда ерлік көрсеткен. Бұл батырлығы үшін қатарынан үш мәрте «Даңқ» орденімен марапатталған. Алайда соғыстан кейінгі жылдары Шүкір Еркіновтың ерлігі көпшілікке беймәлім болып келді. Оның өмір жолын жазушы Төлеген Жаңабайұлы зерттеп, бірнеше кітап арнау арқылы батыр есімін халқына қайта танытты.
«Бес неміс солдатын тосқауыл құрып жатқан. Екеуін тірідей ұстап, біреуін тағы да девизионға алып келген. Олардың құрған миналарын түгелдей тазартқан. Бұл – ұлы жеңістің алдындағы ең соңғы ерлігі. Осы үшін «Даңқ» орденінің 1-дәрежесін берген. Бұл – ерекше ерлік», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы.
Жеңістен кейін Шүкір Еркінов әскер қатарында тағы екі жыл қызмет етіпті. Тек 1947 жылы ғана туған жеріне оралған. Азаматтық өмірде салық инспекторы, кейін Гурьев облыстық қаржы бөлімінде аға ревизор болып еңбек еткен. Алайда майдандағы ауыр жылдар ізін қалдырмай қоймады. Денсаулығы сыр беріп, 1949 жылы, небәрі 25 жасында өмірден өтті. Бүгінде батырдың есімі ел жадында. Оның құрметіне туған ауылы Жасқайраттағы мектепке Шүкір Еркіновтің аты берілген.
«Өазақ халқы жеңістің 80 жылдығын тойлауға дайындық үстінде. Батыр атамыз Еркінов Шүкір Таңатарұлы – Отан соғысының үш дәрежелі орденінің, «Данқ» орденінің ковалері. Ол кісінің де өмірден өткеніне 100 жыл уақыт толды. Шүкір атындағы орта мектепте музей ашылды», – деді Ш. Еркіновтың немере інісі Ардабай Қосаев.
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: елордада өтетін әскери шеруге дайындық қалай