Шеру 7 мамырда «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді
Биыл Жеңіс күніне арналған шеруге 4500-ге жуық әскери қызметші қатысады. Салтанатты сап түзеп өтетін сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған. Қатысушылардың арасында көпбалалы аналар мен өнер адамдары да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғұмырын ел қорғауға арнап, ер азаматтармен бір сапта қызмет етіп жүрген жандардың бірі – Индира Сарыбаева. Нәзік болмысына қарамастан, ол әскери міндет пен отбасылық өмірді қатар алып келеді. Қарағанды қаласынан келген бес баланың анасы ұрпақ тәрбиесімен бірге, жеңіс рухын қастерлеп, отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
«Өте қуаныштымын! Шеруге қатысқанымды мақтан тұтам! Менің 5 қызым бар. Үйде де, қызметте де үлгеруге тырысамыз», – деді әскери қызметші Индира Сарыбаева.
Парадтың ең жас қатысушыларының бірі – ақын бала атанған Алмас Дәулетбек. Өз қатарластарымен бірге саптық жүріс жасап, өткенге құрметін ісімен білдіруде. Сонымен қатар арнайы жазылған өлеңі арқылы жеңіс ерлігін жырға қосты.
«Бас қала көркіңе жүрмін тоя алмай,
Жүзің бар асыл түске боянғандай.
Салтанатты шеру жасап дәл бүгінде,
қуаныштан толқып жүр қоғам қандай.
Ұлы жеңіске 80 жыл өтіп кетіпті. Жеңістің туын шеруде тік көтерген Сағадаттай атам еді. Бақытты ұрпақпыз, бейбіт елдің туын көтеріп шығамыз! Туды түспеуіне де жауапты шығармыз», – деді теңіз жаяу бригадасының жауынгері Алмас Дәулетбек,
Биылғы Жеңіс парадын жүргізу мәртебесі дәстүрлі түрде Азамат Қанапияға тапсырылды. Ол салтанатты шеруді 2005 жылдан бері жүргізіп жүр.
«Он екі шеру өтті, арада 7-8 жылдай парад болған жоқ. Дайындық, Аллаға шүкір, өте жақсы деуге де болады. Жақында негізгі дайындық болады», – деді шеру жүргізушісі Азамат Қанапия.
Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды парадқа санаулы күндер қалды. Қазір соңғы дайындықтар пысықталуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дайындық жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Енді тек әуе ұшақтарымен бірге жасайтын жаттығулар ғана қалған.
«Дайындығымыз қызу үстінде. Біраз түзетулер керек. Сондықтан да 10 пайызы қалды. Жалпы шеруге дайынбыз», – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Тілек Серікбаев.
Айта кетейік, жеңіс күніне арналған шеру 7 мамырда «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Қорытынды дайындық 3 және 5 мамыр күндері жаяу есептоптардың, әскери техника мен авиацияның қатысуымен өткізіледі деп жоспарланған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Елге адал қызмет ету қажет - соғыс арадагері