Қазір өңірде 112 әкім дәріс алып жатыр
Жетісу облысында ауыл әкімдері партаға отырып, сабақ оқып жатыр. Олар елдімекенді дамытумен қатар, мемлекеттік қызметшінің әдебі мен имиджі, коммуникация орнату мәселелері бойынша дәріс алуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастама Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалынан болған. Аталған мекеме мамандары "оқу бағдарламасы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, сол жерде айтылған мәселелерді назарға алдық" дейді.
«Әлеуметтік желілерден, телеарналардан көріп қаламыз, әкімдер кейде өзін ұстауды, сөйлеуді дұрыс білмей жатадды. Интервью берген кезде сасқалақтап, қиындықтар туғызады. Сондықтан әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Соның негізінде, яғни әдеп кеңесінде қандай мәселелер талқыланды, біз соны зерттеп, барлық бағдарламаны әзірлеген болатынбыз», - деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиал директоры Бақыт Злобин.
Қазір Жетісу облысында 112 әкім оқып жатыр. Оларға ауылды дамыту, бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алу және коммуникация орнату жөнінде дәрістер оқылады. Сондай-ақ мемлекеттік басқару, құқықтық салалар бойынша сарапшылармен кездесу өткізіліп, жалпы 200-ден аса академиялық сағат оқу жоспарланған. Ал әкімдердің біліктілік арттыру курсына қатысты пікірі әртүрлі.
«Мемлекеттік қызметшінің әдебі» тақырыбын өттік. Әсіресе өзгелермен сөйлескен кезде тыңдай білу маңызды екенін өзіме түртіп алдым. Адам мұқтаж нәрсесін айтып келгенде, жетік тыңдай білу керек», - дейді Қарашыған ауылдық округінің әкімі Гүлнар Амандосова.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында әйел адам қайтыс болған баланың атынан 11 млн теңге жинап алған