Жетісу облысында мектеп оқушысы адам өлтірмек болған

28.02.2025 19:41

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр

Аlmaty.tv

Өңірлік полиция қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні құрықтады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Өкінішке қарай, адам өлтіруге оқталған күдікті әлі кәмелет жасына келмегендіктен, ата-анасы да жауапкершілікке тартылады. Баланың тәртібін қадағаламаған үшін әрі қазіргі уақытта білім бөліміне қарасты болғандықтан арнайы хаттамалар әзірленіп жатыр.

«Тәртіп сақшылары 17 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, іс адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеліп жатыр. Біз баланың психологпен бірге жұмыс істеуін де қалаймыз. Мәселенін мән-жайын әлі толық ашып айтуға келмес. Нақты тергеу амалдары жүргізіліп біткеннен кейін, басқа да мәліметтерді жариялаймыз. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде», - дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Руслан Чарапаев.

Оның айтуынша, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, тергеудің заңдылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Тергеу аяқталғаннан соң кінәлі деп танылған жасөспірімнің ата-аналары баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Бұл жерде біржақты алып қарауға болмайды. Істі толық анықтамай бір шешім шығаруға да келмес. Ата-ананың баланы қадағалаусыз қалдырғаны ескеріледі. Себебі кәмелет жасына толмаған бала бәрібір ата-ананың, білім бөлімінің құзырына кіреді», - дейді облыстық ПД Имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы полиция капитаны Қасқар Темірханов.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Оқи отырыңыз: Бір кенші жансақтау бөлімінде жатыр: "Болашақ" шахтасындағы оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалды