Фестиваль қонақтары сегіз салаға арналған көшелерді аралап, кәсіби дамудың түрлі бағыттарын көрсететін 40 креативті үйді тамашалай алады
Астанада «жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды. Іс-шараға жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар қатысып жатыр. Олар мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне мамандық таңдауға септеспек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін – елордалық оқушылар мен студенттер үшін маңызды күн. Олар жұмысшы мамандықтар қаласында мамандық таңдап, сол саламен жіті таныса алады. Мәселен кірпіш қалап, ағаш жонып, көлік құрастырып, тіпті комбайнға отырып, егін оруға болады.
Бас қаланың тұрғыны Досбол Баймаханбет анасымен бірге фестивальге арнайы келген. Ол өрт сөндірушілердің жұмысымен етене танысып, мамандарға сауал қойып, киімдерін де киіп көрді. Досбол болашақта от пен судан тайсалмайтын төтеншеліктердің қатарында болуды армандайды.
"Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес деп ойлаймын. Себебі ауыр киімді тез кию керек. Бірақ өрт сөндіруші болуға дайынмын, болашақта өрт сөндіруші болғым келеді", – деді 6-сынып оқушысы Досбол Баймаханбет.
Елдегі колледждер дрон құрастыратын мамандарды даярлайтын болады. Ол үшін Қазақстан Қытайдың тәжірибесін қолдануды жоспарлап отыр. Сондай оқу орындарының бірі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжі. Білім ордасы биыл студенттерді қабылдай бастайды. Мұнда білім алушылар ұшатын құрылғыларды құрастырады.
"Студенттер дронның қалай жұмыс жасалуын, қалай қызмет етуін, оның миына қандай сигнал келетінін түсінетін болады. Мысалы жай қарапайым радиоқабылдағыштан бастап, бақылау, басқару, джипиестің жұмысына дейін түсінеді. Соңында ноутбуктағы бағдарлама байланысымен аяқталып және дронды өзі ұшырады", – деді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Думан Әлиасқар.
Фестиваль қонақтарына экономиканың 15 саласы бойынша 200-ге тарта мамандық таныстырылды. 15 ақпанға дейін өтетін іс-шараға 30 мыңнан астам оқушы мен студент келеді деп күтіліп отыр.
"Бұрын-соңды болмаған іс-шара деп айтуға болады. Оқу-ағарту министрлігі барлық мемлекеттік органдарды, сонымен қатар басқа да бизнес тараптардың бәрін біріктіріп "бірігейік, көрейік, жас буынды дайындауға үлкен септігімізді тигізейік" деп үлкен тірлік, іс жасалды деуге болады. Бұл Үкіметтің қолдауы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен үлкен іс-шара жүргізіліп отыр деуге болады", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты "Talap" КЕАҚ президенті Санжар Тәтібеков.
Келушілерге түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптары, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұсынылды.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан
Оқи оырыңыз: «Абылай хан даңғылы»: Almaty TV-де «Алматы көшелерінің» жаңа шығарылымы эфирге шықты