Алматы құрылыс-техникалық колледжі 20 мыңнан аса жұмысшы маманын даярлап шыққан
2025 – жұмысшы мамандықтары жылы. Бүгінде еліміздегі 2 миллионға жуық адам дәл осы салада еңбек етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды дайындайтын мекемелер де аз емес. Мәселен республикада кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар. Онда 565 мың студент тәлім алады. Сондай оқу орындарының бірі – Алматы құрылыс-техникалық колледжі. 55 жылдық тарихи бар мекеме 20 мыңнан аса жұмысшы маманын даярлап шыққан.
Ағаш жонып, жиһаз құрау, ерітінді дайындап, кірпіш қалау, бояу жағып, қабырғаны әрлеу. Бұл – колледж студенттерінің күн сайын айналысатын ісі. Дінмұхамед Тынышбай – оқу орнының 3 курс студенті. Ол құбыр орнатып, сантехниканың қыр-сырын меңгеріп жүр. Колледжде білім ғана алып қоймай, тәжірибесін тұрақты жұмысқа жалғай білген.
"Бала күнімнен қызығып келдім. Мамандық өзіме ұнайды. Оқып, тәжірибемді арттырып, болашақта үлкен белестерге жетуге үміттенемін", – деді студент Дінмұхамед Тынышбай.
Қазір оқу орнында 8 мамандық бойынша 1270 студент білім алады. Мекеме сұранысқа ие қызметкерлерді дайындайды.
"Колледжімізде 85 пайыз астамы мамандығы бойынша сол жұмысқа орналасады. Жылда колледжімізде 450-ден астам бала 8 мамандық бойынша оқу бітіріп жатыр, 500 баладай қабылдаймыз. Соның 470, 480-і 3 жылдан кейін дипломын алып, білікті маман болып, жұмыс жасап жатыр", – деді Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметов.
Колледжде 9 өндірістік шеберхана бар. Дәнекерлеу жұмысы үйрететін шеберханада заманауи технологияның барлығы қолданылады. АҚШ елінен әкелген қондырғыны меңгерген студенттер халықаралық жарыстарға да қатысып үлгерген. 40 мемлекеттің ішінде үздік 10-қа тұрақтапты. Қондырғы арқылы 3 әдісті меңгеруге болады.
Атап өтерлігі, қондырғы автоматтандырылған жүйенің көмегімен жұмыс істейді. Соның нәтижесінде адам ісі едәуір жеңілдей түскен.
"Жабдықтар жаңарды. Ірі шетелдік компаниялардың өнімін тұтынамыз. Жастар үшін өте оңтайлы бастама. Неге десеңіз, студенттер кез келген құралды еркін қолданады", – деді Алматы құрылыс-техникалық колледжінің оқытушысы Сергей Злобин.
Колледжде білім алатындарға лазерлік дәнекерлеу мен кесу технологиясын меңгеруге де жағдай жасалған. Соңғы заманауи үлгідегі жабдықтың көмегімен студенттер мекеме ішін де безендіріп үлгерген. Ал ең бастысы, мұндағы әрбір жас жігіт «адал еңбек – адал табыс» қағидасын ұстанбаққа бел байлаған.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы