Қалада қоқыс тасымалдау ісі жаңа жүйеге өтпек
«Жұмысшылар жылында» 200-ге жуық шымкенттік жұмыссыз қалмақ. Себебі мегаполистегі қоқыс тасымалдау ісі дау-дамайға ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкентте қоқыс тасымалдау ісі жаңа жүйеге өтпек. Алайда бұл өзгеріс кәсіпкерлердің көңілінен шықпай отыр. Қала билігі 5,5 млрд теңгеге тендер жариялап, қоқыс жинаудан бастап, оны қайта өңдеуге дейінгі міндеттерді бір ғана компанияға жүктеуді мақсат етіпті. Ал жылдар бойы осы салада жұмыс істеп келгендер «байқаудың талаптары тым ауыр» дейді.
"Сегіз компанияның бәрін жұмыссыз қалдырып, неге оны бір компанияғы беріп жатыр? Біз техникалардың бәрін сатуымыз керек, жұмысшылардың бәрін жұмыстан босатуымыз керек. Қазір 5,5 млрд ақша бөлініп жатыр ғой, ол ақша не үшін бөлініп жатыр?" – деді кәсіпкер Нұржан Карбозов.
Шымкент билігі қоқыс тасымалдау ісін бір ғана компанияға тапсыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуді көздеген. Тендерді жеңіп алған компания қоқысты жинау, тасымалдау, сұрыптау секілді барлық жұмысты атқаруы тиіс. Сонымен қатар, арнайы техника, жартылай жерасты контейнерлері, бейнебақылау және басқару орталығы да болуы керек. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай заманауи жабдықтар қазіргі компанияларда жоқ.
"Мемлекеттен ешқандай шығын шықпайды. Мен айтып отырған контейнерлердің барлығы күтіп-ұстау, жаңарту жұмыстарының барлығын ұтып алған мердігер мекеме өз тарапынан атқарады. Біріншіден, 10 мердігер мекемеде бар контейнерлер, арнайы машиналардың барлығы тозығы жеткен. Екіншіден, оның көбісі арнайы техника емес", – деді Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Машбек.
Шенеуніктер қоқыс мәселесіне қатысты тұрғындардан наразылық көбейгенін айтып, сондықтан жаңа жүйеге көшкенін түсіндірді. Биліктегілер «жұмыссыз қаламыз» деп отырған қызметкерлер жаңа компанияға орналаса алады дегенді де жеткізді. Дегенмен көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпкерлер бір ғана мекеменің осыншама жұмысты жалғыз атқара алатынына күмәнмен қарайды.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Егіз баланы зорлаған: балалар сурет салу арқылы қысым көргенін бейнелеген