Жұмыста дәнкерлеуші, ал үйде сүйікті келіншек, мейірімді ана - Жеңіс Әлиасқаров

07.03.2025 19:28

Сыр өңірінде ерлердің ісін еңсерген арулар жетерлік. Солардың бірі үй мен түздің шаруасына дәнекер болып, дәнекерлеу ісін меңгерсе, тағы бірі төрт түліктің төресі түйені бағып, көл-көсір табысқа кенеліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Темірден түйін түйіп, металды мақсатыңа көндіру оңай шаруа емес. Бұл іске ерлерден де екінің бірі беттей бермейді. Ал нәзік болмыстың мықтылығын байқатқан Ғазиза Рысқұлованың дәнекерлеуші болып еңбек еткеніне 17 жылға жуықтапты. Еліміздің әр түкпірінде 10-нан астам газ желісін жүргізуге үлес қосқан ол қазір Қызылордадағы үлкен стадионның құрылысына қолғабыс етіп жүр. Тірлігі тиянақты, ісі өнімді жанның табысы кеңседегілерден кем емес.    

«Дәнекерлеушінің айлығы көп» деп анам айтатын. 2004-2007 жылдары оқыдым. Жұмыс істеп келе жатқаныма 17 жыл болыпты. Қазақстанда қаншама газ желілерін жүргізуге үлес қостым», – деді дәнекерлеуші Ғазиза Рысқұлова.

Алғашында Ғазизаның бұл мамандықты таңдауын оғаш көргендер аз емес. Қазір ол отбасында 3 ұл тәрбиелеп бақыт шамын жақса, жұмыста үлкен құрылыс алаңдарынан табылады. Бір қызығы, оның өмірлік жары – дәнекерлеу ісінің шебері. Қос ғашықты табыстырған темір-терсектің төңірегі. Бір салада еңбек етіп, бір-бірін сөзсіз ұғатын жұп үй мен түздің шаруасына бірге «дәнекер» болып жүр.

 «72 баладай болды конкурсқа қатысқан. Соның ішінен 36 бала іріктелді, олардың арасында мен жалғыз қыз болдым. Бірақ 36 баланың ішінде дәнекерлеуісін тоқтатпай келе жатқанның бірі – мен», – деді дәнекерлеуші  Ғазиза Рысқұлова.

 «Арқамнан түртеді, қарасам қолында 5 литрлік баклашкасы бар. Менен болт сұрайды. Сол болттың арқасында таныстық. Он жыл болды отбасын құрғанымызға, ұлдарымыз бар. Жұмыс барысында сөз таластырып қаламыз. Ал үйде сүйікті келіншек, мейірімді ана», – деді дәнекерлеуші Жеңіс Әлиасқаров.

Ал Қармақшы ауылының тұрғыны Айжамал Нақыпова 30 жылдан бері түйе шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Төрт баланың анасы «қысы-жазы түйенің қомында қоңыр тіршілік кешіп келеміз» дейді. Елуді еңсерген әйел ерімен бірге отбасылық кәсіпті келістіріп отыр. Төрт түліктің тілін тауып, тіпті отағасы апталап малдың соңында жүргенде атан нардың жүгін жалғыз өзі көтеріп жүр. 

 «Жаз мезгілінде 20-30 шақты түйені сауа береміз. Жазда сүтті жақсы береді. Төрт мезгіл түйе сауамын. Оны пісіріп, баптап, мұздатып, шұбат ашытамсыз», – деді сауыншы Айжамал Нақыпова.

Бейнеттен бақытын тапқан жандардың жанкешті еңбегі кімге болса да үлгі.

Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Қарулы Күштер қатарында 6500-ден астам қыз-келіншек қызмет етеді