Жылан – ерік-жігер мен көрегенділіктің нышаны: келер жылдан не күтуге болады

Сандар ғылымымен айналысатын мамандар, жыланды байлықты күзететін символ деп біледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2025 – жылан жылы. Шығыс жорамалы бойынша жылан – ерік-жігер мен көрегенділіктің нышаны, данышпандықтың белгісі. Қазақ жыл санауында алтыншы орынға тұрақтаған, ұлуға жол беріп, жылқыдан бұрын келетін жылан жылы халқымыз үшін нендей оқиғалармен есте қалды? Алаш жұрты бұл бауырмен жорғалаушыны қандай ұғымдармен байланыстырады? Келер жылдан не күтуге болады? Almaty.tv тілшісі талдап көрді.

Өткенге көз жүгіртсек, жылан жылы – айтулы оқиғаларға толы болған. 1905 жылы Алаш қозғалысы, 1917 жылы – Қазан төңкерісінің қазаққа әсері, 1929-дағы – ұжымдастыру кезеңі мен көтерілістер, 1941 жылғыі Ұлы Отан соғысының басталған шағы – барлығы тарихқа өшпес таңба қалдырды.  

"1989. Бұның да өзіндік ерекшелігі бар. Тура осы жылы социалистік система ыдырады. Берлин қабырғасы құлады. Чаушеско – Румынияның көсемі атылды. 1989 – социалистік идеяның, социалистік жүйенің күйреген жылы. Ал 2001 жылы XXI ғасырдың шымылдығын ашты. Былайша айтқанда XXI ғасырдағы жылан жылы әр қайсысы КСРО-ның да, Қазақстанның да, тіпті әлемнің тағдырында өзіндік орны бар оқиғаларға толы", – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов

Сан түрлі сергелдеңге салынса да, алаш жұрты ештеңеден қаймықпады. Келер жылды әрдайым ізгілік пен игілікке балап, оң өзгеріс күткен. Бұған 2001 мен 2013 жылғы оқиғалар дәлел. Ал «Көрген түсін де, істеген ісін де қазақ ежелден жақсылыққа жориды» деген белгілі этнограф әрі жазушы Болат Бопайұлы жылан жылына қатысты былай деп пікір білдірді.  

"2025 жылы жылан жылы кіреді. Қазақ жылан жылы кіргенде, қар жауып тұрса, «ақ жылан кіріпті» дейді. Ал жер қара жатса, «қара жылан кіріпті» дейді. Көктем келгенде жаңбыр жауып тұратын болса, «су жылан кіріпті» дейді. Ал құрғақ жатса, «қыр жыланы кіріпті» дейді. Сөйтіп, жыланның характеристикасына қарап жориды. Енді түске кірген жылан адамды шағып алмаса, зиян-зақпырт салмаса, «жылымыз есен болады екен, жақсы болады екен» деп жориды", – деді этнограф Болат Бопайұлы.

Рас, қазақ қашан да ырымнан айырылмаған, дәстүрден еш жаңылмаған халық. Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салу – даналықтың белігісі. Жыланды ою-өрнекке қосу, тіпті оның бітіміндей шаш үлгісін қыздардың қолдануы да жақсылықтың нышаны саналған.

"Жылан жылы жақсылықпен келсін, халқымызға бақыт сыласын. Жыланның өзіне тән жақсы қасиеттері салтанат құрсын. Қазақ өте байқампаз, аңғарымпаз адамды – «жыланның аяғын көрген» деп жатады. Көрдіңіз бе?! Біз сол жыланның аяғын көрген, көреген, байқампаз, сергек халық болайық. Сонда Қазақстанның асты-үстіндегі байлығы Қазақстанға қызмет ететін болады", – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Ал сандар ғылымымен айналысатын мамандар, жыланды байлықты күзететін символ ретінде көреді. Сондықтан олар 2025 – қаржылық сауаттылықты арттырып, ақшасын үнемдеп, жиюға ниеттенгендер үшін қолайлы жыл деп санайды. Келер жыл жайлы, табысты әрі сәтті өтсін! 

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қазақстанды қандай өзгеріс күтіп тұр

Новости партнеров