Мамандар өрт қауіпсіздігіне баса мән беру керек екенін ескертті
Былтыр Жамбыл облысында жылыту маусымында 750-ден аса өрт болып, 250 миллион теңгеге жуық шығынға батқан. Жағымсыз жағдай биыл да қайталанатын түрі бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Себебі жылыту маусымы басталғалы 111 рет өрт болған. Жеке тұрғын үйде болған оқыс оқиғалар ескі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанған. Ал 20-дан аса үй пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан өртке оранған. Оқыс оқиғадан 7 адам уланып, Шу қаласында 2 адам жан тапсырды. Мұндайды болдырмау үшін мамандар өрт қауіпсіздігіне баса мән беру керек екенін ескертті.
"Газ және электр қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт шығады. Тамақты дайындаған кезде пешті сөндіруді ұмытып кетеді. Шәйнектегі су тасып, газ өшіп қалып, улану фактілері орын алуы мүмкін. Жылыту маусымы басталмай жатып пеш құбырларын тексеріп, 3 ай өткен соң оны қосымша тағы тазалау қажет", – деді қалалық ТЖБ бастығы Ербол Әміров.
Құтқарушылардың айтуынша, жеке үй иелері жылу жүйесін өз бетінше орнатып алады, қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмайды. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін департамент мамандары, газ саласы мен әкімдік қызметкерлері бірігіп, күнде рейдке шығады. Мобильді топ өкілдері әлеуметтік аз қамылған отбасыларға тегін газ датчигін де орнатып жүр. Бүгінге дейін 5500-ден аса тұрғын үйге құрылғы орнатылған. Жақын арада тағы 1100 газ сезгіш қондырғы іске қосылмақ.
Оқи отырыңыз: Елімізде 346 шетелдік такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды