Зорлық-зомбылықпен күрес: 16 мың әйелдің құқығы қорғалды

06.03.2025 17:35

Былтыр ең маңызды оқиғаларының бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануы

Almaty.tv

Былтыр ең маңызды оқиғаларының бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануы. Заңда қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар нормалар бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» басқармасы құрылды. Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергеу үшін арнайы әйел тергеушілер тағайындалды (республика бойынша тергеу-жедел топтарына 280 әйел тергеуші енгізілді).

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 16 мың әйелдің құқығын қорғады.

Аталмыш заңдағы жаңашылдықтардың бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігі үйлестіретін бірыңғай Отбасын қолдау орталықтары желісін құру. Осыған байланысты 2024 жылдың маусым айынан бастап мұндай орталықтардың саны 33-тен 104-ке дейін артты.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі (МАМ), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ), Ішкі істер министрлігі (ІІМ) және Денсаулық сақтау министрлігі (ДС) мамандарынан құралған мобильді жұмыс топтары құрылды.

Сонымен қатар, Қазақстан 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылғаннан бері тұрақты гендерлік саясатты қалыптастыру бағытын нық ұстанып келеді. Ұлттық және халықаралық қағидалар бірдей назарға алынған. Осы мақсатта Қазақстанда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.

Атап айтқанда, Ұлттық комиссия сарапшылары заң шығару процесіне белсенді түрде атсалысады. Олардың қатысуымен отбасылық-тұрмыстық құқықтар мен бостандықтарды және балаларды қорғауды қамтамасыз ететін 50-ден астам заңнамалық акт әзірленді.

Сондай-ақ, Ұлттық комиссияның сараптамалық топтары өңірлерді аралайды. 2024 жылы 2 мың әйел, оның ішінде 134 көпбалалы отбасы қамтылды. Жергілікті жерде мәселелерге кешенді талдау жасалып, өңірлік ерекшеліктер назарға алынып, шешімдер шығарылды.

Оқи отырыңыз: ШОБ өкілдерінің арасында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48 пайызға  жетті