Қарлы боран соғып, күн суыта түседі – синоптиктер

Қарлы боран соғып, күн суыта түседі – синоптиктер
Қазақстанда жеті жыл бойы болмаған ауа райы тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кешеден бері еліміздің кейбір өңірінде термометр бағаны минус 45 градусты көрсетіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аязда адамдарды үсік шалып, республикалық маңызы бар 8 жол жабылған. Күннің суытқаны соншалық, мұндай борандарда қатынауға қауіпсіз саналатын бір пойыздың өзі жарты жолда тоқтап қалды. Ал сарышұнақ аяз әлі бірнеше күнге дейін созылады дейді синоптиктер.

Әдетте, журналисттер стенд-апп жазар алдында бас киімін міндетті түрде шешуі керек. Бұл - біздің мамандықтың жазылмаған заңы. Бірақ бүгінгі ауа-райына қарап, қайта қалың киіну керек сияқты. Телефондағы термометр – 30 градусты көрсетіп тұр. Бұл қарапайым адамдар үшін – 40 градустай сезіледі.

Астанада өткен түнде қатты боран соғып, термометр бағандары – 45 градустан асты. Қазақстанда соңғы рет мұндай қыстың қыр көрсетуі 7 жыл бұрын тіркелген екен. Елордада бір түнде 10-нан артық адамды үсік шалған. Олардың арасында кішкентай шақалақ та бар.

«Медициналық көмекке 14 адам жүгінген. Оның 12-сі медициналық ұйымдарға жедел-жәрдем бригадасымен жеткізіліп, қалған екеуі өздері келген. Көмекке жүгінгендер арасында 10 ересек адам мен 4 бала бар. Бір бала 2017 жылғы, №2 балалар аурханасына жеткізілді. Қазіргі баланың жағдайы орташа қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп жоқ», – деді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім АРДАҚ.

Бұл Қарағанды қаласының теміржол вокзалында түсірілген видео. Астанада Қызылордаға аттанған теміржол көлігі күн шамадан тыс суық болғандықтан жарты жолда жүрісін тоқтатқан. Ал жолаушыларға билет құны толық қайтарылып беріледі. Жалпы, қазір ел бойынша республикалық маңызы бар 8 тасжолдағы көлік қозғалысына шектеу қойылып отыр.  

«Елдегі ауа райының күрт суытуына байланысты республикалық маңызы бар бірнеше жол жабылды. Дизель отынымен жүретін жүк және қоғамдық көліктерге Астана, Павлодар қалалары, Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарына жол жоқ. Синоптиктер алдағы екі күнде осындай ауа райы сақталады дейді. Сондықтан алыс жолға шығуға асықпаңыздар», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан НҰРАХМЕТОВ.

Ал Астана тұрғындарының аязға қатысты пікірі алуан. Бірі үйреншікті жағдай десе, бірі суықта әрең шыдап жүргендерін айтады.

«Бұрын біздегі суық – 50 градусқа дейін баратын. Сондықтан жылы киініп алып, қыдырып жүре беруге болатын шығар», «Күн суық. Автобустар жай жүреді. Сабаққа кешігесің. Апайлардан да ұрыс естисің», «Көлігімді түні бойы оталдырып қоюға тура келді, әйтпесе таңертең оталмай қалады», «Бүгін түнде көлігімді оталдырып отыруды ұмытып кетіп едім, таңертең оталмай қалды. Сондықтан жылы жерге кіргізіп, біраз күтуге тура келді», – деген үлкенді-кішілі астаналықтар қазіргі жағдайларының қандай екенін жеткізді.

Бір ғана Ақмола облысында түнде 224 адам қар құрсауынан құтқарылыпты. Синоптиктер алдағы екі тәулік бойы елдің басым бөлігінде мұндай аяз сақталады дейді. Атмосфералық фронт өткеннен кейін ауа райы қатты қарға ұласып, боран соғады. Содан кейін барып күн жылынады дейді ауа райын зерттеуші мамандар.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров