Алдағы күндері Қазақтанда күн суытып, 35 градусқа дейін аяз болады

"ҚазАвтоЖол" мамандары жүргізушілерге алыс сапарға шықпас бұрын сақтық шараларына мән беруді ескертеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы күндері елімізде 35 градусқа дейін аяз болады. Синоптиктер республика аумағында жел күшейіп, қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады деп ескертті. Ал Астанада қалың қар жауып, коммуналдық қызмет тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Қала көшелерін қардан тазартуға 3 мыңға жуық маман мен 1 500-ге жуық техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келесі аптадан бастап еліміздің бірнеше аймағында күн райы бұзылады. "Қазгидромет" түнде ауа температурасы төмендеп, кей өңірде қатты аяз болады деп болжап отыр. Ал бүгін Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жолдар жабылып, барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелген. "ҚазАвтоЖол" мамандары жүргізушілерге алыс сапарға шықпас бұрын сақтық шараларына мән беруді ескертеді.

"Жол пайдаланушыларға 1403 байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Байланыс орталығына хабарласып, жолдың жағдайын білуге болады. Бұдан бөлек, егер сіз республикалық жолдардың бірінде көлігіңіз бұзылып қалатын болса, көмек сұрауға болады. Біз мамандарды жіберіп, көлігіңізді сүйреп, қолдан келгенше көмек береміз", - деді "ҚазАвтоЖол" компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Ал төтеншеліктер жыл басталғалы жолда қалған 250-ден астам адамды құтқарған. Оның 29-ы бала екен. Құтқарушылар жылыту бекеттеріне 350-ге тарта адамды апарып, қар құрсауынан 42 техника шығарған. Қазір ел бойынша 1 мың 500-ден астам жылыту бекеті жұмыс істеп тұр. Осы күні республикалық жолдарды он үш мыңнан аса техника мен отыз жеті мың маман тазартып жүр.

"18 облыста дауылды ескерту келіп түсіп жатыр. Сондықтан жолға шығар алдында жүргізушілерге айта кететініміз – міндетті түрде сол ескертулерге мән беру керек. Одан кейін бізде командылақ орталықта, Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында тәулік бойы республикалық жедел штаб өз жұмысын атқарады", - деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажыкенов.  

Елордада таңнан бері тоқтаусыз жауған қар қас қарая басылды. Коммуналдық қызмет мамандары қаланы ақ ұлпадан тазартуға кірісіп кеткен. Тіпті шаһардағы қар күреу жұмыстарының салдарынан көшеде кептеліс болып жатыр. Қала билігі бір түнде 24 мың текше метрден астам қар шығарылғанын айтты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ақтауда оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын орталыққа алданғандар шу шығарды

Новости партнеров