Өңірде дауылды ескерту жарияланды
Солтүстік Қазақстан облысында қарлы боран салдарынан негізгі 8 бағыттағы маңызды жолдар жабылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өңірде дауылды ескерту жарияланып, кейбір білім мекемесінде бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқуға көшірілді.
Төтенше жағдай басқармасының мамандары қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындар алыс жолға шықпағаны жөн дейді.
"Жүргізушілерден ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда өте сақ болуды, жылдамдық пен талап етілетін қашықтықты сақтауды, ұзақ сапарларға шықпай, өз бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Ауа райы болжамы мен төтенше жағдайлар қызметін бақылап отырған абзал", - деді Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сабыржан Оспанов.
Қарлы боранға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Республикалық маңызы бар жолдарды тазартуға барлығы 50 бірлік, облыстық маңызы бар жолдарға 35 бірлік техника жұмылдырылған. Синоптиктер өңірде мұндай ауа райы ай соңына дейін сақталады деген болжам жасап отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда коммуналдық қызмет көше қарын тоқтаусыз тазалауға кірісті