Биыл 89 жобаны іске асыру қарастырылған
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылында іске асырылатын жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министр биылғы жыл Елбасының шешімімен Жастар жылы болып жарияланғанын еске салды. Осы орайда ағымдағы жылы 89 жобаны іске асыру қарастырылған.
«Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлескен жоба бойынша жұмыс істейтін жастар үшін ірі қалаларда 1000 пәтер беріледі. «Жастар – ел тірегі» жобасы аясында, «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобалары ауқымында, яғни Білім және ғылым министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бір миллионға жуық жас азаматтарымыз қамтылады», – деді министр.
Осы орайда Д. Абаев аталған жобалар аясында жастардың біліктілігіні арттыру шараларымен қамтылатынын, өздерінің бизнестерін ашу үшін шағын несиелер алатынын атап өтті.