Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды

20.01.2021 18:14

М. Отыншиев 2019 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары болған

Акимат Алматы

Партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Бюро мүшелеріне Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары 33 жастағы Мейіржан Отыншиевті таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

М. Отыншиев 2019 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары болған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Қарағанды экономикалық университетінің және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының түлегі.

Бюро мүшелері ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдады, партиялық жобалар мен бастамалардың нақтылы орындалуын еске салды. Сондай-ақ, партияның Алматы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасындағы орындалуы тиіс міндеттердің бірі – үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық пікірдің көш басшыларымен сындарлы диалогты одан әрі жалғастыру екені атап өтілді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихаттың хатшысы болып сайланған Станислав Канкуровқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.

Еске салсақ, бүгінгі күні Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында 59 мың партия мүшесі бар, олар мегаполистің барлық сегіз ауданындағы 672 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген.