Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады

06.02.2023 19:15

Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді

akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.