Мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары жекеменшікке сатылмайтынын мәлімдеді. Бұдан бөлек кеңестің отырысында еліміздегі ең өзекті мәселелер талқыға түсті. Солардың бірі азаматтық алған қандастарымыздың солтүстік өңірге көшкенде үй кезегінің сақталуына байланысты болды.
«Отанына оралған қандастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті тақырып ретінде қазақстандықтардың еңбек миграциясын атады. Жыл сайын отандастырымыз еңбек мигранттары атанып жатқанын айтты. Біздің азаматтар шетелде тек жоғары біліктілік талап етіліп жүрген саладан бөлек, басқа да бағыттарда қызмет етуде.
«Олардың көбісі қызмет көрсету секторында жұмыс істеуде, сол жерлерде олар өз елінде істеуге келісе бермейтін жұмысқа баруға дайын. Сонымен бірге, осындай жағдайларда еңбек қатынастары ресми реттелмейтіні анық. Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз жұмыс істеп жүр. Бұл тұрғыда тіркеуге қатысты қиындықтар туындап, еліміздің азаматтары күн сайын түрлі тұрмыстық мәселелерге тап болуда. Бұл ахуал пандемия кезінде айқын көрінді. Қазіргі әлемде еңбек миграциясы жаһандық сипатқа ие екенін түсіну керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелеріне алғыс білдірді