Сағынтаев партиялық бақылауды күшейтуді тапсырды

Сағынтаев партиялық бақылауды күшейтуді тапсырды
Қала әкімі партиялық жұмыс жеткіліксіз қамтылған жерлердегі учаскелерде электронды карта негізінде «бастауыштарды» құруды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев филиалдың кезекті жиынын өткізді, онда бастауыш партия ұйымдары жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігі сайтына сілтеме жасап. 

Жиында «Құтты мекен» жобасын жүзеге асыруға, партияның Алматы қалалық филиалы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын қайта құруға, «Таза сессия» акциясы аясында жоғары оқу орындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына қатысты мәселелер қаралды. Сонымен қатар, партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында 2019 жылдың 9 айы ішінде мемлекеттік органдар басшыларына азаматтардың жолдаған өтініштері және «Алматы-2020» қаланы дамыту Бағдарламасы қаралды.

Партиялық бақылау барысында «Құтты мекен» жобасы бойынша объектілерде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салудың кестеден тыс қалу фактілері анықталды. Оның себебі – техника мен жұмысшы күші жетіспейтін мердігерлердің жауапсыздығы.

Осыған орай Б. Сағынтаев айтылған барлық проблемаларды жою үшін нақтылы шараларды іске асыруды тапсырды. Аудандық филиалдардың төрағалары – аудан әкімдері бір ай ішінде кем деген бір рет партиялық бақылау комиссияларының отырыстарын өткізіп тұрулары тиіс. Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров жобаны жүзеге асыру және тексеру қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға қатысты жүргізілген жұмыстар бойынша партия филиалының аппараттық жиынына ақпарат ұсынуы қажет.

Бұлардан өзге, Б. Сағынтаев партиялық жұмыс жеткіліксіз қамтылған жерлердегі учаскелерде электронды карта негізінде «бастауыштарды» құруды тапсырды.

Б. Сағынтаев Jas Otan жастар қанатының қалалық филиалына жоғары оқу орындарының барлық оқу корпустары мен жатақханаларда «Сенім жәшігі» жобасын іске асыруды тапсырды.

Аудан әкімдері мен басқармалар басшыларына Nur Otan партиясының Қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдау кестесін мүлтіксіз сақтау және өтініштерді дер кезінде қарау тапсырылды.

Дәл осы күні Б. Сағынтаев Nur Otan партиясының Қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдауды өткізіп, 14 қалалықты қабылдады. Тұрғындар тұрғын үйге, жер учаскелеріне, ПИК жұмыстарына қатысты мәселелерді алға тартты. Барлық мәселелерге қолданыстағы заң аясында түсініктемелер берілді. Қосымша зерттеуді қажет ететін сауалдар жергілікті жерге барып, көріп, тексерудің нәтижесі бойынша шешілетін болады.


Новости партнеров