ТМД елдеріндегі кедендік мәселелер енді жылдамырақ шешілетін болады

25.09.2019 21:21

Бұл құжат ТМД елдері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді

Ол үшін мәжіліс депутаттары кеден органдарының қызметін үйлестіретін құжат жетілдірілді. Яғни, «1994 жылғы  Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік бермек. Хаттама кеден саласындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша ТМД елдерімен бірлесіп әзірленді.  

«Аталған келісім ТМД мемлекеттері кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін негізгі халықаралық шарт болып саналады. Келісімге қол қойылғаннан бері 25 жылдай өтті. Сол себепті аталған құжат нормаларын тиісті өзгерістер енгізу жолымен жетілдіру қажет. Мәліметтерді беру, сауалдардың саны мен мазмұны, сауалды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар негізгі баптарға өзгерістер енгізу ұсынылады. Ақпаратпен алмасу орталық кеден органдары арасында да, сол сияқты тікелей аумақтық органдарының арасында да жүзеге асыруды көздейтін ережелер енгізілді. Заң жобасын қабылдау кедендік бақылаудың тиімділігін көтеруге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіру мен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге ықпал етеді», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Вице-премьердің айтуынша, 1994 жылғы келісімшарт бойынша ақпаратпен алмасудың барлығы тек орталық кедендік органдар арқылы жүзеге асады. Ал бұл кедендік шаралардың мерзімін алты айға дейін ұзартады. Жаңа хаттаманың арқасында уақыт бір айға дейін қысқармақ. Әлихан Смайылов қазір ТМД мемлекеттерімен бірлесіп, көлеңкелі импортқа да тосқауыл қойылып жатқанын айтты.

«Мысалы Қытай республикасымен өзара саудамыз қазір 13 пайызға өссе де, біздің алып жатқан кеден баждары мен салықтардың көлемі үш есе тез өсіп жатыр. Ол – көлеңкелі экономика қысқарып,  көлеңкелі импорттың көлемі азайып жатыр деген сөз. Біз соған барлық кеден әкімшілендіру жұмыстарын жетілдіріп жатырмыз. Осыған байланысты Қырғызстан-Қазақстан проблемалары да туындады кезінде. Біз мына жерде қысқан кезде импорт Қырғызстан арқылы келе бастады. Қазір біз сол әріптестерімізбен бірге бұл жұмысты игердік. Қалпына келтірдік», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.