Польша дипломаты Михал Лабенда қазақ тілінде дәріс оқыды

07.02.2025 18:58

Лекцияның мазмұны мен оның қазақ тілінде өтуі тыңдаушыларда үлкен әсер қалдырды

Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі

 «Даму күні» аясында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары мен қызметкерлері Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен кездесті. Польша дипломаты «Польшаның Еуропалық Одақ құрамында 20 жылдығы» тақырыбында қазақ тілінде дәріс оқыды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лекцияның мазмұны мен оның қазақ тілінде өтуі тыңдаушыларда үлкен әсер қалдырды. Михал Лабенда қазақ тілін еркін меңгерген. Дипломат тілдің халықтың мәдениеті мен рухын түсінудің негізі екенін айтады.

Михал Лабенда 2004 жылдың 1 мамырында Польша Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болғанын, бұл оқиғаның ел үшін тарихи кезең болғанын атап өтті. Дипломаттың айтуынша, Еуропалық қорлар инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, бұл елдің және оның астанасы Варшава қаласының келбетінің түбегейлі өзгерткен.

Дипломаттың қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығы кездейсоқ емес. 1999 жылы ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Шығыстану» мамандығы бойынша үздік бітіріп, дипломдық жұмысын «Араб тілінен қазақ тіліне бағыныңқы құрмалас сөйлемдердің аударма үлгілері» тақырыбында қорғаған.

Қазақ және туған тілінен бөлек, дипломат азербайжан, ағылшын, араб, неміс, орыс, өзбек және француз тілдерін меңгерген.

Кездесу соңында Михал Лабенда тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, оларға табыс тіледі.

Оқи отырыңыз: Министр қай пәннің мұғалімдері әлсіз екенін айтты