Оған 130 ға жуық қызметкер мен 30 техника жұмылдырылған
Қордайдағы дүрбелеңнен кейін қираған ғимараттарды қалпына келтіріп, көшелерді тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар шекара асып, ауылдарына қайта оралып жатқан тұрғындар коронавирусқа тексеріліп, жоғалған құжаттары қалыпқа келтірілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Масаншы мекені қазір, қыз-қыз қайнаған жұмыстың ордасына айналды. Қақтығыстан кейінгі қираған ғимараттар мен өртенген көліктер толықтай тазартылып жатыр. Мұнда қазір 130 ға жуық қызметкер мен 30 техника жұмылдырылған.
Біз қазір Сортөбедегі сауда орындарының біріндеміз. Қақтығыстан кейін, бұл жер қирандыға айналған. Қазір тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін ғана бағалау жұмыстарына жалғаспақ.
Қазіргі таңда Масаншыда 88 мүлік өртенгені анықталып отыр. Оның ішінде 47 автокөлік 20 коммерциялық нысан мен баспаналар бар. Зардап шеккен нысандарды анықтау үшін мұнда 9 сарапшы топ құрылған. Сонымен қатар жоғалған құжаттарды ретке келтіру жұмыстары да жүйелі. Қазіргі сәтте штаб 427 тұрғынның куәлігін қалыпқа келтірген. Жедел штабтың мәліметі бойынша, қырзғыз асқан тұрғындарды қазіргі кезде 6 шекаралық пунктінде коронавирусқа тексеріп жатыр.
«Қордай ауданы бойынша 40 мыңнан астам адам өткен екен. Соның ішінде қызуы көтерілген адамдар тіркелген жоқ. Егерде қызуы тіркелген жағдай болса, оларды тез арада оқшаулап, өздерінің алгоритмі бойынша, әр құзырлы мекеме өзінің қызметін атқарады», – деді эпидемиолог Күмісбек РАХИМОВ.
Бүгінде Қордайдағы ауылдық округтер құзырлылардың қатаң бақылауында. Ресми дерек бойынша қақтығыстан 19 күштік құрылым қызметкерлері жарақат алған. Бүгінде олар елдің тыныштығы үшін қызметке қайта кірісіпті.
«Бізге оқ жаудырды, жарақаттандық. Жалғыз біз ғана емес, 19 полиция қызметкері жараланды. Олардың бәріне медициналық алғашқы көмек көрсетілді», – деді жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Ардақ СӘБИТ.
Дүйім елді дүрліктірген қақтығыстан соң қазір жағдай қалыпқа келтіріліп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен сауда орындары қайта жұмысқа кірісе бастады. Ендігі міндет бүлінген мүліктердің шығын есебін шығару дейді, штаб өкілдері.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы