Жамбыл облысындағы Байзақ ауданына қарасты Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназия асханасынан тамақтанған 30 оқушы астан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv. Түскі астан кейін 70-тен аса оқушы мен білім ордасының қызметкерлері өздерін жайсыз сезінген. Тамақтанғандардың 48-і дәрігердің көмегіне жүгінген. 33 бүлдіршін мен 2 мұғалім дәрігердің бақылауына алынды. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты.
- Мектеп асханасында түстенген оқушылар әлсіреп, құсу мен іш өту белгілерімен сағат 12:40 шамасында аурухананың қабылдау бөліміне 48 науқас түсті. Тексеруден кейін 35 адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақталды. Шағымдары жоқ. Дене қызуы қалыпты, - дейді Байзақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Жандос Рысқұлов.
Білім мекемесінде 2000-нан аса бала оқиды. Мектеп асханасына жауапты жеке кәсіпкер тамақтану бойынша тағы да басқа 12 оқу орнымен жұмыс істейді.
- Бұл компаниямен биыл 10 сәуірде келісімшартқа отырдық. Егер соттың шешімімен оқушылардың улануына жеке кәсіпкер кінәлі деп танылса, әрине, келісімшартты бұзамыз. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазір республикалық мамандардан, анестезиолог, педиатр, токсиколог және инфекционисттен тұратын комиссия құрылды. Уланған оқушылардың ата-аналары да мәселені майшаммен қарауды сұрап отыр, - дейді Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев.
- Менің балам 1-сыныпта оқиды. Соны күтіп отырмыз. Кеше палау жедік деді. Тамағын толық тауысқан, компотын ішті, - дейді оқушының ата-анасы Венера Әліпбаева.
- Менің балам тамақ жедім дейді. Сабақ басталғалы мектептен тамақтанып жүр. Бірақ ештеңе байқамадым, - деді оқушының ата-анасы Пернегүл Есболатова.
Дәрігерлер науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Білім ордасын тамақпен қамтуға жауапты жеке кәсіпкердің жұмысы мән-жай анықталғанша тоқтатылды. Мектеп оқшауланған, бактериологиялық зерттеу шаралары жүруде.
Жомарт Есқара, Ғалымжан Есенбаев, “Алматы” телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Алматының жас боксшылары «Канело» залында жаттығу мүмкіндігіне ие болды