Атырауда күйеуін өлтіріп, бөлшектеп тастады деп айыпталып жатқан әйелге қатысты істе қылмыстық-процессуалдық заңнама бұзылғаны анықталды, деп хабарлады ATPress.kz.
Жантүршігерлік қылмыс сонау 2012 жылы жасалған, алайда ол былтыр күзде ғана ашылды. Полицейлер Дулатов көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 44 жастағы ер адамның сүйегін тапты.
Марқұмның бала-шағасы оған ұйықтататын дәрі беріп, тұншықтырып өлтірген де, денесін бөлшектеп тастаған. Сүйегін түнде кәріз шұңқырына көміп, үстіне бетон құйып тастаған. Содан соң үстіне тауық қора салған. Ал полицияға "отағасы үйден шығып кетіп, қайтып оралмады, жат діни ағымның жетегінде кетті" деп өтірік ақпарат берген.
Бірақ бұл қылмысты туыстардың бірі кездейсоқ біліп қояды. Ешкімге айтпауы үшін 5 миллион теңге талап етеді. Ал ондай ақшаны тауып бере алмайтын болған соң, әйел еріксіз полицияға шағым түсіруге мәжбүр болған. Жедел қызметкерлер бопсалаушыны ұстап, туыстарынан не үшін ақша талап еткенін тергейді, сол кезде шындықтың беті ашылған. Жігіт жантүршігерлік қылмысқа марқұмның әйелінің ғана емес, екі қызының да қатысы бар екенін айтқан. Алайда қамауға марқұмның әйелі ғана алынып, қалғандары куәгер ретінде ғана жауапқа тартылған.
«Тергеуден кейін іс материалы сотқа кетті. Дегенмен сот істі қарап шығып, қылмыстық-процессуалдық заңнаманың бұзылғанын анықтады, оларды жою үшін істі прокурорға қайтарып берді», - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, тергеушілер қанды оқиғаның себебін анықтап жүргенде, сот бопсалаушыға үкім шығарып үлгерді. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.