Жамбыл облысында 34 жастағы әйел алаяқтықпен айналысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
1 наурыз күні Сарысу аудандық Полиция бөліміне Жаңатас қаласының екі тұрғыны алаяқтық дерегі бойынша арыз жазды. Арыздарында 2020 жылдың 2 тамызында бірінің туысы, екіншісінің танысы болып келетін азаматша қайтарымсыз бес миллион теңге несие алып беремін деп сенімдеріне кіріп, әрқайсысынан 100 мың теңгеден, жалпы 200 мың теңге қаражатты алдап алып, өз қажеттілігіне жаратып жібергені туралы көрсеткен. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 34 жастағы Жаңатас қаласының тұрғыны ұсталды. Ол ешқайда жұмыс жасамайды және қайтарымсыз несие алып беретін мүмкіндігі жоқ, ал аталған ақшаны өзіне керек болған себепті, алдау жолымен иемденгенін мойындады.
«Қазіргі уақытта адамдардың сенгіштігі мен оңай олжаға қол жеткізгісі келетінін пайдаланып, өздерінің ұтымды ұсыныстарымен қарапайым азаматтарды азғыратын алаяқтар қатары көбейген. Бір ғана Сарысу ауданының өзінде бір аптаның ішінде жеті алаяқтық дерегін аштық, олардың бәрі сотқа жолданатын болады. Полиция бөлімінде алаяқтық қылмыстарына қарсы арнайы жұмыс тобы құрылды. Жергілікті тұрғындарға да алаяқтық деректерінің алдын алу жолдарын түсіндіріп, тексерілмеген ақпаратқа сенбеуді ұдайы ескертудеміз», – деп атап өтті Сарысу АПБ бастығы А.Алметов.