Өткен аптада Қазақстанда 251 мал ұрлығы анықталып, 229 адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сенбі күні еліміз бойынша өткізілген «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы аяқталды. 6 күн ішінде 251 мал ұрлығы анықталып, 229 адам ұсталды. Мал базарлары, мал соятын орындар және сауда орындары бойынша арнайы рейд өткізілді. 5 500 шаруа қожалығы мен мал бағу нүктелері тексерілді»,– деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.
Сонымен бірге, 6 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, ветеринария саласында 510 құқық бұзушылық анықталды. Онда мал және ет өнімдерін тасымалдау мен сатуға қажетті құжатттар болмаған.
Айта кетейік, 26 қараша күні ҚР Ішкі істер министрлігі, аумақтық органдар мен ішкі істер бөлімшелері және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері алғаш рет «ZOOM» платформасы арқылы азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізеді. ҚР ІІМ мәліметіне сәйкес, соңғы аптада елімізде 3 мыңнан астам қылмыс тіркелген.