Шымкентте қашқан сарбаздың қаруды қалай ұрлағаны анықталды

25.02.2020 17:34

Қаңтар айының соңынан ақпан айының ортасына дейін сарбаз 1-2 қарудан алып кетіп жүрген

tengrinews.kz

ҚР ІІМ Тергеу басқармасының басшысы Санжар Әділов  Түркістан облысында қару ұрлаған дезертир сарбаз оқиғасының егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv. Сөзінше, қаңтардың соңынан бастап ақпан айының ортасына дейін қару сақтау қоймасына кіруге рұқсат алған сарбаз білдірмей, күніне бір-екі мылтықтан ұрлап кетіп жүрген. Ал автоматтардың жайына келер болсақ, бұл кезде әскери сарбаз сырттағы өз таныстарын көмекке шақырған. Тергеу мәліметтері бойынша, келісімшартпен әскери қызмет атқарған сержант 1995 және 1996 жылғы сырттағы екі досымен 29 автомат, 28 тапанша және 2 пышақты мылтық ұрлаған. Осы ретте "Қару ұрлау" және "Қызмет бабындағы салғырттық" бойынша қылмыстық істер қозғалған.

«Негізгі қару-жарақ түрлері бір күнде, яғни 19 ақпаннан 20-на қараған түні ұрланған. Ол екі тапаншаны сатып үлгерген, біз оны бірден тауып, 120 мың теңгеге сатып алдық. Қалған қаруды достарында сақтаған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлескен жедел-тергеу тобы ізін суытпай ұрлыққа қатысы барлардың барлығын ұстап, қаруларды тәркіледі. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімде қару-жарақтарды қосымша түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге үш лауазымды тұлға, атап айтқанда дивизия командирі, опер кезекші, сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет еткен қатардағы сарбаз әскери қызмет ережелерін бұзғаны үшін, қарудың ұрлануына әкеп соққан немқұрайлығы үшін қазіргі уақытта ұсталып, қамауға алынып отыр», – деді  ҚР ІІМ Тергеу басқармасының басшысы Санжар ӘДІЛОВ.