Шымкентте екі жасөспірімді көлік қағып, біреуі көз жұмды

06.12.2019 17:52

Автокөлік жүргізушісін ұстау бойынша жедел жұмыстар жүргізілуде

2019 жылғы 4 желтоқсанда Шымкент қаласында Темірлан тасжолы бойында кәмелетке толмаған екі жасөспірімді көлік қағып кетті, деп хабарлайды Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жасөспірімдердің біреуі алған жарақатынан қайтыс болды. Ал екіншісі Шымкент қаласындағы медициналық мекеменің жансақтау бөліміне жеткізілді.

Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасын жасаған көліктің маркасын және оның орналасқан жерін анықтады.

Аталған автокөлік жүргізушісін ұстау бойынша жедел жұмыстар жүргізілуде. 

inform.kz