Ұшақ апатынан аман қалған екі әскеридің жағдайы өте ауыр. Олар әлі есін жимаған. Азаматтардың жағдайын тәулік бойы қаланың ең үздік дәрігерлері бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұшақ апатынан аман қалған екі әскери азамат кеше кешкі сағат алты шамасында бірден осында жеткізілген еді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы өте ауыр. Қазір ес-түссіз күйде жансақтау бөлімінде жатыр. 34 жастағы ер адамның сол жақ саны сынған. Ал, 1996 жылы туған екінші азаматтың саусақтары сынып, кеуде қуысы жарақаттанған. Сондай-ақ екеуі де бас сүйек ми жарақатын алып, денелерін екінші және үшінші дәрежелі күйік шалған. Қала билігі аман қалғандардың өмірін сақтап қалу үшін барлық күш жұмылдырылып жатыр.
«Кеңес беруге Алматы қаласының бас реаниматологы келді. Одан кейін хирург, окулист, комбустиолог дәрігерлері келіп, кеңестерін берді. Өз ұсыныстарын айтты. Қазір гематрансфузия, плазматрансфузия жүргізіліп жатыр»,– деді №4 қалалық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімінің анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жанат Дүйсенова.
Науқастардың өмірін құтқару үшін қаланың бас реаниматологы да осында келген. Сондай-ақ кезекшіліктегі 4 травматолог, 3 хирург пен нейрохирург мамандар барын салып жатыр. Лор дәрігерлер мен окулисттер де арнайы шақыртылған.