Нұр-Сұлтанда ер адам 8-қабаттың терезесінен құлап бара жатқан қызды қағып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елордада 8-інші қабаттың терезесіне ілініп тұрған қызды көршісі құтқарып қалды. Ол ашық тұрған терезе арқылы баланың аяғынан тартып, ішке кіргізіп алды. Кейбір ақпарат көздерінде бүлдіршіннің ата-анасы үйде болған делінген. Ал дәл сол сәтте кішкентай қыз ересектердің қарауынсыз қалған көрінеді. Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр.
«Шақырту орнына жеке құрамның 7 адамы және 2 бірлік техникасынан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жедел жіберілді. Осы уақыт аралағында төменгі қабатта тұратын ер адамның сегізінші қабаттағы балконның карнизіне ілініп қалған баланы құтқарып алғаны анықталды. Қуанышқа орай, 1985 жылы туған тұрғын Шонтақбаев Сәбит жетінші қабатта тұрып, жылап жатқан баланы көргенде ойланбастан және өз өміріне қауіп төндіре отырып, санаулы секундта қызды құтқарып қалған», - деді ТЖД-ның ресми өкілі Аягөз Фазылова.
Ал бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтің айтуынша, терезеде құлағалы тұрған баланы далаға шыққанында көрген. Көршісінің есігін қағып, ешқандай қауіпсіздік құралдарынсыз құтқаруға тырысқан. Ол кезде қорқыныш сезімі болмай, аман-есен алып қалуды ойладым дейді.
«Біз астыңғы қабаттағы көршінің есігін қағып тұрып қалып, уақыт өтіп кетті. 15-20 минут бала тұрып қалды. Мен 8-қабатта баланың ата-анасын көрген жоқпын. Тек баланы құтқардым, тек 7-қабатағы кісіге баланы тапсырдым да жұмысқа асығыс кетіп қалдым», – деді қала тұрғыны Сәбит Шонтақбаев.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адам көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапатқа ұсынылатын болады.