Егер өзін нашар сезінген әскерилер болса, онда бірден Қорғаныс министрлігінің емханасына жатқызалды
Алматыдағы блок-бекеттерде қызмет етіп жатқан әскерилер мен тәртіп сақшыларының денсаулық жағдайы жіті тексеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлер олардың екі мезгіл дене температурасын өлшеп, денсаулығын қарайды. Егер өзін нашар сезінген әскерилер болса, онда бірден Қорғаныс министрлігінің емханасына жатқызалды.
Карантин кезінде құрылған бекеттерде науқасты емдеп, алдын-алу шараларын жасауға бар жағдай жасалған.
Қажетті құрал-жабдықтарын көлікке тиеген Алматы өңірлік мединцина қызметі жылдамдатып блок-бекеттерге аттанды. Олардың жұмыс кестесі тығыз. Дәрігерлер таңертең және кешке эпидемиологтармен бірге онда дезинфекциялау жұмыстарын істейді. Бастысы, қызметте жүрген әскерилердің денсаулығы қатаң бақылауда. Ал жоспар бойынша түскі уақытта әскерилер мен офицерлер емделетін емхананың іші тазаланады.
Алматы өңірлік медицина қызметі карантин кезінде құрылған блок-бекеттерге күніне екі мәрте келеді. Олар әскерилерді мынандай медициналық бетпердемен, қолға арналған антисептикпен, медициналық қолғаппен толықтай қамтып отыр. Сондай-ақ, блок бекеттердің барлығы медициналық құралдармен жабдықталған.
Барлық санитарлық нормалардың сақталуын эпидемиологтар тексереді. Мұнда әскерилермен бірге штаттағы дәрігер болады. Науқастардың көрсеткіштерін арнайы журналға тіркеп отырады.
«Біздің басты міндетіміз – еліміздің қарулы күштер қатарына коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу. Мақсатымыз – әскерилердің денсаулығын сақтау. Осы аптада ешқандай жағдай тіркелмеді. Әскерилердің жағдайы қалыпты. Себебі біз барлық сақтық шараларын қатаң ұстанамыз. Жағдай бақылауда», – деді Алматы өңірлік медициналық қызметтің басшысы Асқар РЫСБАЕВ.
Бұл – Құлжа тас жолы бойындағы 21-ші блок-бекет. Онда кезекшілікке 25 адам түседі. Қарауыл әр үш сағат сайын ауысады. Бекетті рұқсатсыз тастап кетуге болмайды. Ал азаматтық борышын өтеп жүрген әскерилер мен құқық қорғау органының қызметкерлері мұндай қатал тәртіпке үйренгендерін айтады. Ең маңыздысы артылған міндетті абыроймен алып шығу.
«Отан – отбасынан басталады. Әрқайсысымыздың отбасымыз бар. Біз өз міндетімізді отан алдындағы борышымызды атқарып жатырмыз деп, әрбір әскери қызметкер осылай түсінеді. Күнделікті жеке құрам өздерінің отбасыларымен де, басқа да туыстарымен сөйлесіп, жағдайларын біліп, байланысып тұрады. Бұл тек қана біздің борышымыз. Қиын ешнәрсе көріп тұрған жоқпыз. Медицина жағынан қамтамасыз етіліп жатыр», – деді 61993 Әскери бөлімінің батальон командирі Жеңіс ҚОЖАТАЕВ.
Блок-бекеттегі қызметкерлер карантин жарияланған бірінші күннен бастап дәл осындай жағдайда өмір сүріп жатыр. Содан бері ет жақындарының жүзін көрмеді. Десе де ел басына қиын сәт түскен кезде, күш біріктіріп, ауыр індетті жеңеміз деп сенеді. Сондықтан тыныштықты қоритындар жұмысына жауапты болса, алынбайтын қамал жоқ дейді әскерилер.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы