СҚО-да 11 бала мінген микроавтобус өртке оранды

15.05.2019 19:30

Жүргізуші көліктің мотор тұсынан түтін шығып жатқанын көріп, тоқтаған

Петропавловск.news

СҚО-да полицейлер өртке оранған микроавтобустың ішінде болған 11 баланы құтқарды, деп хабарлайды ПД-нің баспасөз қызметі.

Оқиға сейсенбі күні сағат 17:10-да Солтүстік Қазақстан облысындағы Рощинское аулының маңында орын алған.  Жолаушыларға арналған «ГАЗель» микроавтобусы өртке оранған.

Оның ішінде болған 11 бала Петропавлдан Тайынша аудан орталығына бара жатқан. Жүргізуші көліктің мотор тұсынан түтін шығып жатқанын көріп, тоқтаған.

Қайта мироавтобус жалғыз жүрмеген, оның соңынан полиция департаментінің экипажы аға лейтенант Жігер Балтабай мен аға сержант Батырхан Молдажанов қызметтік көлігімен еріп жүрген екен.  

Олар бірден микроавтобустан балаларды эвакуациялауға кіріскен. Сонымен қатар өрт сөндірушілерді шақырып, өздері өрт сөндіргіш құралдың көмегімен жалынды сөндіруге кіріскен. Алайда желдің екпінімен одан сайын лапылдап жанған микроавтобусты полицейлер мен жүргізушілер  жолдан ысырып тастапты.

Хабарланғандай, полицейлер Рощинское ауылына эвакуацияланған балаларды басқа көлікпен үйлеріне жеткізген.