Қаскелеңде тұрғын үйден өрт шығып, бір адам уланып қайтыс болды

22.08.2020 03:04

Қызыл жалын 48 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерде тұтанған

almaty.tv

Қаскелең қаласында тұрғын үйден өрт шығып, бесінші қабаттағы пәтер иесі түтіннен уланып қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызыл жалын 48 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерде тұтанған. Тілсіз жау бір сағаттың ішінде сөндіріліп, 20 адам эвакуацияланыпты. Ал 50 адам өздері қауіпсіз жерге көшкен. Өртенген үйде болған 4 адам да сыртқа шығарылған, олардың ішінде кішкентай нәресте бар.

Абырой болғанда баланың ата-анасы аман. Ал 1970 жылғы үйдің иесі тез арада жан сақтау бөлімшесіне жеткізіліпті. Бірақ есін жимастан жан тапсырған. Төтеншеліктердің сөзінше үйдегі жиһаз бен тұрмыстық заттардың бәрі жанып кетті. Қазір өрттің неден болғаны анықталып жатыр.