Әжесі мен ағасын құтқармақ болған: Таразда өрттен 3 адам қаза тапты

көрнекі сурет
көрнекі сурет
Өртті сөндіру үшін жеке құрамнан 21 адам мен 5 техника жұмылдырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда бір түнде бір отбасындағы  3 адам өрттен көз жұмды. 1982 жылы туған тұрғын өртенген үй ішінен әжесі мен ағасын құтқарамын деп өзі де мерт болған. Қайғылы оқиға бүгін түнде орын алды. Тараздағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает оқиға болған жерге барып, жағдайдың анық-қанығын біліп қайтты.

Бірнеше адамның өліміне себеп болған өрт оқиғасы төтенше жағдай мамандарының айтуынша, түнгі сағат 2.30 басталуы мүмкін. Себебі хабар түсіп өрт сөндірушілердің келген уақытында тұрғын үйден 4 қабырғадан басқа түк те қалмаған. Салдарынан мұнда тұрған 4 адамның үшеуі қаза тауып отыр.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 3:40 шамасында келген. Өртті сөндіру үшін жеке құрамнан 21 адам мен 5 техника жұмылдырылған.  Солайша 40 минуттан аса тілсіз жаумен арпалысқан құрам 04:24 те ауыздықтаған. Олар үй қирандыларының ішінен 1936, 1960 және 1982 жылы туған тұрғындардың мәйітін алып шықты.

«Сарайда Миша ұлымен болған. Ал, Сергей мен апасы үлкен үйде болған. Мына жағдай орын алып, өрт басталғанда Миша өрттен әжесі мен көкесін құтқармақ болып үлкен үйге кіріп кеткен. Түтіннен уланып құлаған болуы керек, қайта шықпады. Кейін құтқарушылар мәйітін алып шықты», – деді көршісі Мирсабит Миржалалов.

Құтқарушылар ауладағы сарайда 8 жастағы баланың болғанын айтады. Ол туыстарын құтқармақ болып қаза тапқан 38 жастағы тұрғынның ұлы. Өрттен аман қалған жеткіншек қазір туыстарында.

«Сегіз жастағы баланың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Өрт оны зақымдаған жоқ. Өрттің болжамды себебі электр сымының қысқа тұйықталуынан деп болжап отырмыз», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Талғат Сабыров.  

Төтенше жағдай мамандары тұрғындарға газ бен электр желілерін барынша сақ қолдануға шақырады. Себебі жыл басынан бері облыста 98 өрт оқиғасы орын алып, 11 тұрғын бақилық болған.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан

Новости партнеров