Мамандар халықты барынша сақ болуға шақырады
Пандемия алаяқтар үшін табыс табудың көзіне айналды. Ендігіде екпеге қатысты алдап-арбаудың жаңа түрі пайда болды. Бейтаныс нөмірге екпе алғандығы жайлы ақпарат беремін деп бір сәтте қалтасындағы қаражатынан айырылған халық кімнен көмек сұрарын білмей дал болуда. Алаяқтардың арбауына түспес үшін не істеу керек? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтсын.
Халықты сан қулықтың шырмауына түсірген алаяқтар енді жаңа әдіс ойлап тапты. Қоңыраулар көршілес елдерге тіркелген 911,912,250,01,11, нөмірлері арқылы түседі екен. «Екпе алсаңыз 1 санын, алмасаңыз 2 санын басыңыз»,– деп, азаматтардың банк шоттарын ашып алып, ақшасын жымқырып жүр. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша заңгердің көмегіне жүгінгендер саны аз емес. Мамандар халықты барынша сақ болуға шақырады, өйткені, мұндай жағдайдың 90 пайызы шешімін таппай, аяқсыз қалады екен.
«Егер де жағдай ашылатын болса, онда Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша, ақшаның мөлшеріне қарай, егерде, аса көп мөлшерде болса, 4-бабымен 5 жылдан 10 жылға дейін. Ал, егер одан төмен болса, 3-бабымен 3 жылдан 7 жылға дейін заңда көрсетілген жазаға тартылады», – деді заңгер Шыңқуат Байжанов.
Алаяқтар заман талабына сай ақпарттық технологияларды өз мүдделеріне жаратып, әбден әккі болып алған. Телефонның ар жағында отырып-ақ қулығын іске асырады екен. IT мамандар бұл құрыққа түспес үшін телефон тұтқасын қойып, ресми нөмірлерге қайта хабарласу керек екенін айтады. Сонымен қоса, сайт ақпараттарынан да абай болуға шақырады.
«Осындай кезде сізге ешқандай IT мамандары көмектесе алмайды. Тек қана сіздің қауіпсіздігіңізді, өзіңіздің сауаттылығыңызды көрсетіп қана сақтана аласыз. Құпия сөзге келетін болсақ, құпия сөздің өзінің үлгісі болады. Мысалы, тұрақты бір бастамасы болады, көп адамдар өзінің аты мен жылын жазады. Немесе сайттың өзіне жазады да, сандар жазады. Құпия сөзіңіз әр сайтта әр түрлі болса, сіз қауіпсіздіктемін деп есептесеңіз болады», – деді программист Айбын Сәду.
Мамандар ұсынған кибералаяқтық түрлері мен одан қорғану жолдарына тоқталар болсақ:
- Алаяқтар уатсап желісінде Кликбэйт арқылы сізге қызықты ақпарат жіберіп, сілтемені басқан жағдайда жеке ақпаратыңызға қол жеткізе алады;
- Сайт сілтемелерінде “https” жазуына назар салыңыз. Егер “Http” болса, кірмеген жөн;
- Ал электронды цифрлы қолтаңбаңызды тек жеке поштада сақтау керек. Әйтпесе, түрлі құжаттарға жалған қол қойылуы мүмкін;
- Банк картасының нөмірі мен CVC кодын ешкімге айтпау керек;
- «Әлеуметтік инженерия», яғни психологиялық тұрғыда сіз туралы ақпаратты өзіңізге айту арқылы алдауы мүмкін;
- Ал қоңырауларға келетін болсақ, қырағылық танытып, хабарласып тұрған мекеменің атын сұрап, өзіңіз қайта хабарласқаныңыз абзал.
Айта кетейік, 2010 жылдан бері желі қолданушылары 75%-ға өскен. Сондықтан хакерлердің шабуылдары жыл сайын үш-төрт мыңға артып отыр. Ал, бүгінде екпе мәселесі өзекті болғандықтан, соны сылтауратып халықты сан соқтырып жүргендер аз емес. Сондықтан мамандар алаяқтың қақпанына түспес үшін азаматтарға жеке бас мәліметтерін құпия сақтауға кеңес береді.
Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы