Алматыда егілген 460 көшетті жойған күдіктілер қолға түсті, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Алматы қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметі егілген көшеттерді қасақана сындырған екі бұзақыны тауып, ұстады. Алматы қаласы Жетісу ауданындағы cолтүстік айналма көшесінің бойына тұрғындар үшін ағаштар отырғызылған болатын.
– Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 28 жастағы қала тұрғыны мен Жетісу облысының 30 жастағы азаматы болып шықты. Күдіктілер заңсыз әрекетін мойындады. Қылмыстың себебі тергеу барысында анықталады, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
ҚР ҚК 340-бабы 3-бөлігі (Ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ полиция бұзақылар келтірген шығынды өтеу шарасы қолданылатынын айтты.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы ірі көлемде ескірткі партиясын тәркіледі