Астана әкімдігі елордада көші-қон процесін реттеу үшін қандай шарар қабылдау қажеттігін талқылады. Әзірге азаматтарды тіркеу бойынша шектеу енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
- Қазір заң жобасы әзірленіп жатыр, қосымша талқылау болады. Біз қағидалар шеңберінде азаматтарды тіркеу кезінде отбасы мүшелерінің жалпы санын қоспағанда, әр адамға 18 шаршы метрден аспауы керек деген норманы қарастырдық. Яғни тұтас отбасы осы пәтерге, тұрғын үйге толық тіркеледі. Отбасынан тыс адамдар болса онда отбасының әр мүшесіне 18 шаршы метр бөлу процесі жүретіндей ойластырдық. Дегенмен әділет органдары бұл шараны Конституцияға сәйкес келмейді деп ұйғарып, қабылдамады. Қазір тіркеуді шектеу бойынша осы процесті реттеу құқығын беру үшін жоғарыда айтқан заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп жатырмыз, - деді Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов қаланың қоғамдық кеңесінің отырысында.
Еске салсақ 2023 жылы шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы көші-қон процесін бақылауға алуды тапсырған. Мемлекет басшысы жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келетінін атап өтті.
- Бұдан бөлек күн сайын жақын маңдағы елдімекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет. Ол үшін пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы реттеп, бақылауды күшейтуі тиіс, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артты