Абай облысындағы өртенген аумақтан тағы көк түтін шығып, жұрттың төбе шашын тік тұрғызды. Дегенмен, Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайдың толық бақылауға алынғанын хабарлады. Өңірде өрт оқшауланғанымен, тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр. Ондағы ахуалды Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып береді.
– Бүгін түске таман Семейден 80 шақырым алыстағы Успенка ауылында болдық. Ол жаққа жетудің өзі бір жұмыс. Кем дегенде 2 сағатымыз жолға кетті. Республикалық штаб құрылған жерге апаратын төте жолды жол деп айтуға келмес. Атам заманда төселген асфальттың түгі қалмаған, ойқы-шойқы. Жылдамдықты асырудың өзі қорқынышты-ақ.
Бір апта бұрын басталған алапат өрт оқшауланғанын, жағдай тұрақталып жатқанын бұған дейін де айттық. Бірақ турасын айтсақ, орманда толық сөнбеген түтіні шығып бықсып жатқан ошақтар әлі де бар. Жел тұрса қайта жануы бек мүмкін. Бүгін ондай жағдай да болды. Шүлбі елдімекеніне баратын жолдағы орманнан қара түтін шығып, өрт сөндірушілер сонда бағыт алды. Бұған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, оқиға орнына қызметкерлер уақытылы жетті, жағдай бақылауда деді. Олар ауылдарға қауіп жоқ деп сендірді. Бүгінде Абай облысына көмек ретінде тартылған Алматы мен Қарағанды облысының төтеншеліктері үйіне қайтарылды. Бұйрық берілсе, қалған өңірлер де қайтады. Қазір алқапты, өртенген орманды әуеден бақылау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
– Успенка ауылындағы ахуал қазір қалай?
– Өкініштісі сол, жедел штабтың қасынан ақпар беретін адам табылмады. Қызметкерлер ат тонын ала қашады. Енді оларды да түсінуге болады. Жұмысы қауырт. Орманнан оралып жатқандар да, орманға қайта аттанып жатқандар да бар. Алқапқа жақындауға болмайды. Қауіптің беті толық сейілмеді. Успенка жақтағы штаб маңында полиция да жүр. Тәртіп сақшылары бізді орманға өткізбеді. Штабтың ішіне де кіре алмайсың. Айта кететіні, Успенка — Ресейге жақын жатқан елдімекеннің бірі. Алапат өрттен қаза тапқан орманшылардың жетеуі осы ауылдан. Қайғыдан қан жұтып, қара жамылған жұрт бүгін де тым-тырыс. Көшеден жергілікті тұрғындарды кездестірмедік. Қоса кететіні, Семей орманы резерватында бұған дейін де өрт болған. 2020 жылы қызыл жалын екі рет тұтанып, бірінші рет сәуірде 6 мың гектарға, екіншісінде шамамен 4 мың гектарға тарапты. Ал биылғы оқиғада тілсіз жау 60 мың гектар жерді жалмады. Өрт толық сөнгеннен кейін, апат себебін анықтау шығынын есептеу жұмыстары жүретіні хақ.