Қарағанды қаласында жөнделуі тиіс көшелердің жұмысы аяқталмай қалды

29.08.2024 23:59

Жалпы саны биыл 94 шақырым жол жөнделуі керек

elements.envato.com

Қарағанды қаласында биыл жөнделуі тиіс көше жолдарының 35 пайызы әлі аяқталмаған. Бұл жұмыстарға бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінген. Алайда қыруар қаражат санаулы мердігерлерге ғана бөлінген. Салдарынан көшелерде туындаған кептеліс пен жөндеу жұмыстарының жаз бойы бітпей қалғанына тұрғындар наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.   

Биыл Қарағанды қаласының 70 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалып, 4 басты жол қайта жаңартылуы тиіс еді. Одан бөлек, жол жиектеріндегі суағар мен жарық бағандарын орнату тағы бар. Осы уақытқа дейін жоспардың тек 65 пайызы орындалған көрінеді. Қазынадан қыруар қаражат бөлінгенімен бір мердігерге он көшенің жолын жөндеу берілгенін естіген жұрт жағасын ұстап отыр. Кептелістен көз ашпаған жұрт діттеген жерімізге жете алмай қалдық дейді.

Жалпы саны биыл 94 шақырым жол жөнделуі керек. Енді қалған 30 шақырымға жуығы күзде жасалмақ. Жабылған көшелердің кейбірінде жұмыс жүріп жатқанымен, кейбірінде қыбырлаған жан жоқ. Ал, 10 көшені бір мердігердің жеңіп алуына басты себеп сараптаманың кешігуінен - дейді жергілікті билік өкілдері.

«Өте көп көше болғандықтан, биыл ведомстволық сараптамадан өту жұмыстары созылып кетті. Сараптамаларды кеш алдық. Ол жерде өзіміздің де кінәміз бар. Бір мердігер онға жуық көше алды. Бір мердігер көшелерді жасап жатыр. Қарағанды қаласы бойынша біз өзімізге қыркүйек айының аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Көкішев.

Жалпы жұмыстың 65 пайызы аяқталған. Ал, бір ай ішінде қалған 35 пайызын аяқтаймыз деген билікке халық күмәнмен қарайды. Бәрін айт та, бірін айт оқу жылы басталғанда сағаттап көшеде тұруға тура келмек.

Оқи отырыңыз: Астанада 20 адамды сан соқтырған «жиһаз жасаушы» сотталды