Бір аптаның өзінде тіркелген 7 өрттің шығу себебі неде?
Солтүстік Қазақстанда тілсіз жау екі адамның өмірін қиды. Соңғы уақытта оқыс оқиғадан көз ашпаған өңірде қандай құжат қабылданып жатыр? Бір аптаның өзінде тіркелген 7 өрттің шығу себебі неде? Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қызылжар ауданы Боголюбово ауылында екі пәтерлі жер үйден өрт шыққаны жайында хабарлама төтенше жағдайлар департаментіне таңғы сағат 05:53-те келіп түскен. Алайда 48 минуттан кейін бірақ жеткен өрт сөндірушілер өртенген үйден екі адамның денесін тапқан. Көршілердің айтуынша, ол үйдің иесі мен келіншегі. Алдын ала жасалған болжам бойынша апатқа газ баллонының жарылуы себеп.
«Аталған мекенжай бойынша біздің өрт бекетінің қызметкерлері, 1 автокөлік пен 4 адам жіберілді. 48 минутта жетті. Біздің қызметкерлер келгеннің алдында жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылған. Бүкіл тұрғын үй отқа оранды. Жалпы шыққан өрттің алаңы 100 шаршы метрді құрады», – деді Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Орал Әбдірахманов.
Тағы бір өрт оқиғасы Петропавл қаласы, Ульянов көщесіндегі дәл осы жер үйде орын алған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Мамандардың сөзінше, үйдің өрттеніп жатқанын байқаған әскери қызметшілер баспана иелерін тез арада далаға алып шыққан.
«Осы өртті анықтаған Қуандықов сарбаз, өртті анықтағаннан кейін 102 және 103 нөміріне хабарлап, топтың командиріне ақпаратты айтты. Кейін сарбазбен қасындағы оның 3 әскері қызметкері бірлесіп, үй ішіндегі ес түссіз жатқан 2 адамдарды шығарды. Кейін Лейтенант Байбосынов, адамдарды таза ауаға шығарғаннан кейін, адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетті», – деді Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Орал Әбдірахманов.
Қазір аталған екі апаттың да нақты себебі зерттеліп жатыр екен. Жалпы, өңірде жыл басынан бері 148 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 24 адам көз жұмған. Айта кететін жайт, Интернациональная көшесі 21 тұрғын үйдегі газдың жарылуына байланысты жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оның негізгі міндеті – қираған құрылымдарды қалпына келтіру, бөлмелерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жылумен, сумен және электрмен жабдықтау жүйелерін орнату және қайта құру. Бұл тұрғын үйдің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді дейді мамандары.