Әуе компаниясының тарапынан елеулі кемшіліктер анықталған
Алматыда болған ұшақ апатын тергеу жұмысы неге бірнеше жылға созылып кетті? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бұл сұраққа жауап бере алмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv
Айтуынша, әуе компаниясының тарапынан елеулі кемшіліктер анықталған. Алайда тексеру әділ өтуі үшін халықаралық тәжірибе бойынша құзыретті органдар қорытынды бергенге дейін апатты тергеу барысына түсініктеме бере алмайтындарын атап өтті.
«Жақын арада Bek Air компаниясының ұшағы Алматы түбінде құлаған әуе апатын тергеудің қорытындысын аламыз. Өкінішке қарай, бұл қайғылы оқиға авиакомпанияның қауіпсіздік стандарттарын сақтауында елеулі заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығын айтсақ, пандемия шектеулеріне байланысты тергеу ұзаққа созылды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға жұмысқа уақытында келе алмады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Бұдан бөлек ол авиакәсіпорындарды инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша 8 авиакомпанияның қызметі тоқтатылғанын жеткізді. Сонымен қатар, ақылы жолдар тарифі қымбаттамайтынын мәлімдеді. Тариф өзгеретін болса, әуелі оны өзге мемлекеттік органдар мақұлдайды екен.
«Мемлекеттік органдар мақұлдап, тиісті агенттіктер мен «Атамекен» оң бағасын береді. Осыдан кейін ғана тариф министрдің жарлығымен бекітіледі. Оған әлі жеткен жоқпыз ғой. Яғни, жүк көлік иелері мәреден ерте шығып кеткен. Олай істеуге болмайды. Тарифті өсіру бағытында әзірге ешқандай қозғалыс болмайтынына сендіргім келеді. Екінші техникалық санаттағы жолдардың тарифін төмендету болады деп отырмыз. Бірақ мұндай тариф мамыр айынан бастап қана қарала бастаған», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.