Дәрігерлер Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Дәрігерлер Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
Балалар 10, 9, 8 және 4 жаста
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кеше түнде болған жол апатынан бір адам қаза тауып, тағы жетеуі зардап шеккен болатын. олардың бесеуі – кішкентай балалар. Науқастардың қазіргі жағдайын дәрігерлер Almaty.tv тілшісіне айтты.

Жол-көлік оқиғасы Алғабас ықшамауданында кеше кешкі сағат тоғыз шамасында болған. Volkswagen минивэнінің жүргізушісі Проектируемый көшесімен батысқа қарай бағыт алып бара жатып, тізгінге ие бола алмай қалыпты. Салдарынан көлік аударылып қалған. Апат салдарынан жүргізуші сол жерде жан тәсілім етті. Ал, көлікте болған 7 адам – екі ересек және бес бала түрлі жарақаттармен ауруханаларға жеткізілген.

Дәрігерлер 4 жеткіншекті Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына орналастырды. Олардың үшеуінің жарақаты жеңіл болса, біреуінің жағдайы әлі де ауыр.

«Балалар 10, 9, 8 және 4 жаста. Тексеруден кейін үшеуінің жарақаты жеңіл екені анықталды да, үйлеріне жіберілді. 9 жасар бала басынан соққы алған, жабық бас-сүйек жарақаты бар, бетінде ашық жарақаты бар. Ол баланың жаралары өңделіп, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты ауыр», - дейді Алматы қаласы ШЖҚ «Балалар шұғыл медициналық жәрдем» МКК бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед РУЗУДДИНОВ.

Балалардан бөлек жол апатынан зардап шеккен екі ересек адамның да жарақаттары жеңіл екен. Оларға қалалық №7 ауруханада медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Ал, қалалық Полиция депарматентінің өкілдері жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

«ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалып, жол-көлік оқиғасының себебі міндетті түрде анықталатын болады. Пайымдауымызша, жүргізуші тізгінге ие бола алмай, салдарынан көлік аударылып қалған», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Полицейлер қылмыстық іс бойынша сот-медициналық және сот автотехникалық сараптама тағайындалғанын айтты.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, Алматы телеарнасы.

Новости партнеров