Қаладағы көшелер, ғимараттар мен аулалар, сондай-ақ басқа да қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарына Қарулы Күштер сарбаздары белсенді ат салысып жүр. Дезинфекция жүргізуге қала бойынша екі мыңнан астам әскери тартылған. Бүгін олар қаладағы балалар ауруханасының маңайында әскери операция өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таң атқаннан, кеш батқанға дейін Алматының коммуналды қызметтерімен қатар, әскери жасақтар да тынымсыз дезинфекция жүргізіп жүр. Әскери сауыттың орнына вирустан қорғану киімдері, қарудың орнына дезинфекциялық құрылғы. Бүгінгі аймақ – балалар ауруханасы мен сол маңайдағы көшелер.
Дезинфекциялық жұмыстарға қаладағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқытушылары мен курсанттары да тартылды. Карантин басталғаннан бері 500 әскери төрт мыңға жуық нысанды тазартып үлгерген.
«Бүгін біздің әскери бөлім Жандосов пен Манас көшелерінің қиылысында орналасқан объектілерді залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін арнайы бөлімшелер қала бойынша мектептер, балабақшалар, балалар алаңқайлары, аялдамалар, емханалар және терминалдар сынды нысандарға химиялық тазалау жұмысын жүргіздік», – деді ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының рота командирі Рамиль АМАНОВ.
Әскери қызметкерлер дезинфекциялық жұмыстарға заманауи құралдарды пайдаланады. Соның бірі – АРС-14 автоқұйылмалы құрылғысы. Ол көшелерді көбік ағынымен тазартады. Сәйкесінше химиялық дозасы жоғары, вирусты өлтірудегі әсері де мықты. Ал адамға еш зияны жоқ дейді мамандар.
«Қазіргі дезинфекциялық жұмысқа қолданылып жатқан ерітінді адам баласына және жан-жауарларға, жер бетіндегі көкөністерге ешқандай зияны жоқ. Бұл әдетте және медицинада және үй жайында қолданылатын ерітінді. Халыққа себепсіз алаңдамауын сұраймын және өтінемін», – деді ҚР ҚМ Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс батальонының командирі Саян НАЗАРБАЕВ.
Жалпы карантин тәртібін қамтамасыз етуге Қарулы Күштердің 2 мыңнан астам қызметкері тартылған. Олардың 230-ы блок-бекеттер мен қала ішіндегі қоғамдық-қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы