Үндістан мен Түркияда қалып қойған қазақстандық туристер эвакуацияланады

03.04.2020 02:34

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді

inform.kz

Үндістан мен Түркияда қалып қойған қазақстандық туристер елге ертең эвакуацияланады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

«Ертең Стамбулдан, сосын Делиден екі рейс келе жатыр. Тікелей Сыртқы істер министрлігімен бірге біз осы біздің қазақстандық азаматтарды сол екі қаладан әкеле жатырмыз.Сыртқы істер министрлігі қай жерден біздің кісілерді алып кету керек екен деген тапсырма болса, біз алып келуге дайынбыз», – деді  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Айта кетейік, осыған дейін карантинге жабылған Үндістанда 76 қазақстандық қалып қойғаны айтылған болатын. Шетелде қалған туристер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшысы Асқар Маминға, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге ашық хат жазып, жағдайы мүшкіл екенін, мемлекеттің араласуынсыз елге орала алмайтынын жазған болатын.