Қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігі белгілі болып жатыр. Орталық сайлау комиссиясы сандарды айта бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елде 12 миллионға жуық азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Сағат 12:00-дегі ақпар бойынша сайлаушылардың 38,55 пайызы таңнан бері өз таңдауын жасады. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Түркістан облысында 64,21 пайыз азамат дауыс берген. Екінші орында Ұлытау облысы, үздік үштікті Қарағанды облысы түйіндейді. Жалпы дауыс беру басталғалы 6 сағаттың ішінде 4 миллион 606 мың 596 адам таңдау жасаған.
«Астана қаласы бойынша 19,33 пайыз, Алматы қаласы бойынша 16,89 пайыз, Шымкент қаласы бойынша 34,41 пайыз», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Орталық сайлау комиссиясының ендігі брифингі күндізгі 14:00-ге жоспарланған. Осы уақытқа сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтар туралы ақпарат шықпады.