20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауында елдегі 86 сайлау учаскесі жұмысын 1 сағат бұрын бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның ішінде 47 учаске әскери бөлімдер, медициналық мекемелер сынды адамдар уақытша орналасқан жерде жұмыс істейді.
Қазақстан аумағында 10 мың 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 68-і шетелде орналасқан. Барлығы техникамен жабдықталып, керек құралдармен қамтамасыз етілді, - дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Ел үшін маңызды күні елдегі кәмелет жасқа толған 11 миллион 956 адам өз таңдауын жасай алады. Ал шет мемлекеттерде жүрген отандастарымыз сол елдегі Қазақстан елшілігіне барып, дауыс береді. Қазір жырақта 12 мың 527 қазақстандық жүр. Ал Украинадағы біздің азаматтар Польшаға барып, таңдауын жасайды.
«Өздеріңізге белгілі Украинадағы ахуалға байланысты сол елдегі Қазақстан азаматтары мен елшілік қызметкерлері Варшава қаласында дауыс береді. ҚР Орталық сайлау комиссиясы сыртқы істер минитсрлігіне жолдаған барлық сайлау бюллетендері мен сайлау өткізу үшін қажетті құжаттар біздің шет елдердегі мекемелерімізге жеткізілді», – деді ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаев.
Орталық сайлау комиссиясының ақпарына сай, кезектен тыс Президент сайлауына 35 мемлекеттен және 10 халықаралық ұйымнан 641 байқаушы келіпті. Олар Астана, Алматы және Шымкент секілді ірі қалаларда сайлау барысын бақылайды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 18 байқаушы келген екен. Ұйымның бас хатшысы Чжан Мин ешкімге бағынбастан, өз жұмысымызды тәуелсіз атқарамыз, - дейді.
«Біз жұмысымызды адал атқарамыз. Қазақстанның болашағы жарқын екеніне сенеміз. Сондықтан сайлауда заң бұзушылықтар болмайды деген ойдамын. Біздің Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин мамандар Астана мен Ақмола облысындағы сайлау учаскелерін аралайтын болады», – деді Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Чжан Мин.
Ал Түркі мемлекеттер ұйымының өкілі Өмер Қоджаманның айтуынша, аталған ұйымнан Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден құрамында 5 адамы бар делегация келген. Олар Астанадағы сайлау учаскесінде жұмыс істейді.
«Біз Астанадағы сайлау учаскелерін күні бойы аралап жүреміз. Ал басқа әріптестерім елдегі өзге өңірлердегі учаскелерде байқаушы ретінде жұмыс істейді. Бізбен бірге келген делегаттар жұмыс қорытындысын дүйсенбі күні осы жерде айтатын болады. Әр байқаушы жұмысының нәтижесімен бөліседі», – деді Түркі мемлекеттер ұйымы бас хатшысының орынбасары Өмер Қоджаман.
Ал Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова сайлауға медициналық маска тағып баруға кеңес береді. Себебі елде коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты болғанымен, тұмау маусымы аяқталған жоқ. Сондықтан сақтық шараларын ұстанған абзал, - дейді ол.
Айта кетейік, Астана қаласы бойынша 406 сайлау учаскесі бар.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы