Қазақстан бойынша таңғы 7:00-ден бастап 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істеді
Еліміздегі кезекті саяси науқан өз мәресіне жетті. Сағат 20:00-де республикадағы барлық сайлау учаскесі жабылып, азаматтардың дауыс беруі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір ОСК дауыстарды санап жатыр. Жалпы қорытынды ертең белгілі болмақ.
Орталық сайлау комиссиясының жұмысы енді қызды. Қазір барлық өңірден ақпарат алынып, дауыстар саналып жатыр. Сағат 20:00-дегі қорытынды бойынша 54,09 пайыз қазақстандық дауыс беріп үлгерген. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл сайлауда Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының белсенділігі жоғары болды. Ресми қорытынды ертең түске дейін шығарылатын болады.
«Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, республика бойынша сайлаушылар тізіміне 12 млн 35 мың сайлаушы енгізілген. Бұл дауыс беру тізімдеріне енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,09 пайызын құрайды», – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Бүгін Қазақстан бойынша таңғы 7:00-ден бастап 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Ал шетелде жүрген отандастарға 77 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Олардың 41 пайызы атамекеннен жырақта жүрсе де бүгін көппен бірге азаматтық таңдауын жасады.