Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионаты: еліміздің намысын кімдер қорғайды

29.08.2022 14:32

Бұл – жыл сайын өткізілетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы

kartinkin.net

Бүгін Нью-Йоркте теннистен АҚШ-тың ашық чемпионаты басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл – жыл сайын өткізілетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы.

Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева сынға түседі.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші ракеткасы Александр Бублик 30 тамыз күні франциялық Юго Гастонмен кортқа шығады. Бұған дейін қарсыластар 2019 жылы өзара кездесіп, онда қазақстандық теннисші 7:5, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Әйелдер арасында 27 жастағы Юлия Путинцева ертең өзінен жеті жасқа кіші америкалық Аманда Анисимовамен шеберлік байқасады. Бұдан бұрын екеуі Чарльстонда ойнап, онда корт иесі 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтқан болатын.

Қазақстанның басты үміті, Уимблдон чемпионы, 23 жастағы Елена Рыбакина 31 тамызда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, франциялық Клара Бюрельмен кездеседі. Бұл – олардың өзара алғашқы бәсекесі.

Қазақстандықтар сондай-ақ жұптық сында да өнер көрсетеді.

АҚШ чемпионаты 29 тамызда басталып, 11 қыркүйекте мәреге жетеді.